Желіде Алматыда 132 метр биіктіктен түсірілген панорамалық видео таралып жатыр. Kaz.tengritravel.kz ерекше видеоның қалай түсірілгені туралы баяндайды.
Видеоны тревел-блогер, фотограф Александр Кузнецов "Нұрлы Тау" тұрғын үй кешенінің төбесінде түсірген. Александрдың айтуынша, таңдау арнайы осы ғимаратқа түскен, өйткені осы жерден тау көрінісі де қаланың сұлулығы да әдемі ашылады екен. Сонымен қатар, бұл ғимарат Алматы үйлерінен әлдеқайда ерекше.
"Бұл идея кездейсоқ сап ете қалды. Біраздан бері ерекше бір дүние түсіргіміз келіп жүрген. "Нұрлы Тауға" назарымыз ауды. Жігіттер маған хабарласып, әдемі видео түсіруді ұсынды. Сондай-ақ, олар монопадпен 360 градус айналып түсірді", - дейді ол.
Александр Қарағанды тумасы. Мұндай видеоларды ол өз қаласында түсіріп бастаған. Ол елдегі қалалардағы үйлердің тең жартысына шығып үлгерген. Фотограф қалалық пейзажды төбеден және басқа да қырларынан түсіргенді ұнатады. Қазақстаннан бөлек, Ресейде, Грузияда және Гонконгта түсірілімдер жасаған.
Видеодағы модельдер - Иван Биркус пен Ангела Николау - танымал тревел-блогерлер, экстремалдар. Олар осыған дейін Эйфель мұнарасына, Париждегі Нотр-Дам ғимаратына шығып, Шанхай мұнарасына және Қытайдың Гонконгында биік ғимараттарды бағындырған.
"Алматыда әдейі ел арасында танымал ғимаратты таңдадық, онда расымен, тау бөктері мен қала көрінісі өте әдемі. Қазіргі уақытта деректі фильм түсіріп жатырмыз, соның ішінде Қазақстанда түсірілген видеолар да соған кіреді", - дейді олар.
Қыз бала Алматыны мақтады.
"Ең қонақжай қала", - деп жазды Ангела пост сипаттамасында.
Мұндай түсірілімдердің қауіпті екенін айта кету керек. Мұндай видеоны арнайы дайындалған кәсіби мамандар сақтандыру құрылғыларымен істеген. Қайталамауға шақырамыз: бұл өміріңізге қауіпті.