Алматылық ер адам Астана әуежайында жанжал шығарған

Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны Астана әуежайындағы қылығы үшін сот алдында жауап береді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне FlyArystan әуекомпаниясының өкілі Астана-Алматы бағытындағы әуерейсінің жолаушыларының біріне қатысты шара қолдану туралы шағымданды.

"Оның айтуынша, рейске тіркеу кезінде ер адам өзін дөрекі ұстаған және балағат сөздер айтқан. Көлік полицейлері тексеру кезінде Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын анықтады. Ол полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған", - деді құқық қорғау органдарының өкілдері.

Құқықбұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

"Дәл осындай әкімшілік құқық бұзушылықты жоғарыда аталған әуекомпанияның "Астана-Қызылорда" бағытындағы тағы бір жолаушысы да жасады. Бұл жолы елорданың 40 жастағы тұрғыны масаң күйінде болып, тіркеуге кешігіп келген, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан және полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамаған. Аталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды", - деді полицейлер.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!