Алматы әуежайының бұрынғы президенті не үшін сотталды?

Алматы әуежайының бұрынғы президентіне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Айбол Бекмұхамбетов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша кінәлі деп танылды.

Үкім Түрксіб аудандық сотында жарияланды. Алматы әуежайының экс-президенті Айбол Бекмұхамбетов пен жанар-жағармай қызметінің экс-басшысы Қуаныш Тумышев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олар Алматы әуежайының иелеріне қомақты шығын төлеуі керек болады.

Сот Бекмұхамбетовтің 2016 жылдан бастап әуе кемелеріне жанармай құю үшін "ТА" ЖШС арқылы авиатасымалдаушылардан алынған қаражатты ұрлау схемасын әзірлеп, іске асырғанын анықтады. Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 2016 жылдың басынан 2018 жылдың маусым айына дейінгі кезеңде аталған әрекеттерден келген шығын бір миллион 250 мың доллардан (411,6 миллион теңге) асқан.

Прокурор соттан айыпталушыларды кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушылар кінәсін мойындамады.

"Сот үкімі бойынша, Б. мен Т. кінәлі деп танылды және оларға 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілікке және басшылық лауазымдарға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, сот азаматтық талап-арызды қанағаттандырды, Б. және Т 913 165 доллар немесе 417 891 698 теңге көлемінде материалдық шығын бірлескен тәртіппен өндірілді", - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!