Алматы әуежайы терминалдың құрылысы кезінде үзіліссіз жұмыс істейтін болады

Алматы әуежайы жаңа терминалдың құрылысы кезінде жұмысын тоқтатпайды. Бұл туралы "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Ерсой Альп Эр Тунга мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

"Біз қаржыландырудың алғашқы транштарын банктен тек қаңтар-ақпанның басында алдық. Қазіргі терминал ғимаратының жанында жұмыстар жүріп жатыр. Біз оларға 30 ай жұмсауды жоспарлап отырмыз. Бірақ мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп ойлаймыз. Әуежай жұмысында үзілістер болмайды, сервистер жойылмайды, қажет болған жағдайда операциялар бір ғимараттан екінші ғимаратқа ауыстырылады. Менің ойымша, халықаралық трафик ескі ғимараттан жаңасына ауысады", - деді ол.

Оның айтуынша, жаңа терминалдың құрылысына 200 миллион доллардан астам инвестиция салынып жатыр. Биыл Алматы әуежайында 6,5 миллион жолаушы болады деп күтілуде. Бұл 2019 жылғыдай. Алматы әуе айлағы күніне 16 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Оның 5 мыңы - халықаралық, 11 мыңы - ішкі жолаушылар. Қаңтардан наурыздың аяғына дейін әуежайда шамамен 1,3 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді. Оның 420 мыңы - халықаралық жолаушы.

Президент әуежай алымдары әуе билеттері құнының тек 7 пайызын құрайтынын да атап өтті.

"Негізгі шығындар - отын, еңбекақы, амортизация және басқалар. Бұл ретте әуекомпаниялар әуежай алымдарының бағасын төмендетуді сұрайды. Бірақ әуежайда үнемі инвестициялық жұмыстар жүргізіледі. Алматы әуежайы - өңірдегі және Қазақстандағы ең арзан әуежайлардың бірі. Біздің тарифтеріміз бекітілген. Біз оларды өзгерте алмаймыз. Сондай-ақ, жаңа ғимаратта өзіміздің жалға алушыларымыз болатынын атап өткім келеді. Біз олардың бағасы мен жұмыс сапасына әсер ете аламыз", - деді ол.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!