Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келдіТолғағы басталған әйел жолсеріктің көмегімен аман есен босанған. , - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі "Жолаушылар тасымалы" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жас ана Айнагүл Тілеубергенова Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін №33 "Алматы-Ақтөбе" бағытындағы пойызымен жолға шыққан.
"Пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырды. Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген", - делінген компания хабарламасында.
Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.
"Мен баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда, пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз", - деп бөлісті жас ана Айнагүл Тілеубергенова.
Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.
Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен кейінгі 3 жылда "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!