Әлемнің 20 университетінен шақырту алған қазақстандық қыз Литваны таңдады

Соңғы күндері әлеуметтік желіде сүйінші сұраған жұрт көп. Оның басты себебі ЖОО-ға грант иегерлерінің тізімі жариялануы. Ата-анасы баласының, ұстазы шәкіртінің сенімді ақтағанын қуанышпен бөлісіп жатыр. Біз жазғалы отырған түлек осы жылдың сәуір айында әлемнің 20 жоғарғы оқу орындарынан шақырту алған. Ал мұны танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаев сүйіншілеген еді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауылының тумасы Азизхан Аяна 2004 жылы қаңтардың оны күні дүние келген. Ол осы ауылдағы М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейде білім алып, 11-сыныпты IQanat High School of Burabay мектебінде білімін шыңдаған. Айта кетейік, бұл мектеп 2020 жылы ашылған және Абай идеяларына негізделген. Онда тек ауылдық жерлерден келген 10-11 сыныптарда оқитын 200 дарынды оқушыларға арналған IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінің финалистері білім алады.  

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aidyn Rakhimbayev (@rakhimbaevaidyn)

Азизхан Аяна білімге деген құштарлығы отбасы мүшелерінің және мектеп мұғалімдерінің арқасында пайда болғанын айтады. 

"Бала кезімнен екі әпкеме қарап өстім. Олар оқуда озат еді, ЖОО-ны да қызылға тәмамдады. Анам мұғалім болғаны да өз әсерін берген шығар, өйткені мен әдеби шығармаларды көп оқитынмын. Ағылшын тілі, математика және география пәндерін сүйіп оқыдым. Көптеген жарыстарға, олимпиадаларға қатысатынмын, отбасымның қолдауы көп көмектесті. Білім мен қатар спортты да сүйемін. Ауылда жүргенімде волейболға қатысатынмын, екінші разрядтағы спортшы атандым. Жамбыл облысында мектептер арасындағы жарыста біздің команда үшінші орынға ие болды. Волонтерлікпен де айналыстым", - дейді қыз бала. 


Волейболдан облыстық жарыста командасының жүлдегер атанған сәті

Аянаның Мойынқұм ауылындағы ұстазы Аманжолова Алмагүл білім саласында 29 жылда дәл осы оқушысының мектептен кейін бірден шетелге оқуға түскен тұңғыш оқушысы екенін жасырмады. 

"Бесінші сыныптан бастап Аянаға сабақ беріп келдім. Өте қабілетті, алғыр әрі белсенді бала еді. Екеуіміз көптеген ғылыми жобалар әзірледік, ол аудандық, облыстық тіпті республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Сондай білім жарыстарына қатысып жүріп, IQanat мектебінде білім алу бақытына ие болды. Мектептегі шаралардың ешқайсысын қалт жібермейтін, мектепішілік газеттерде мақала шолу жасап, ессе жазып жүрді. Өзім сабақ берген оқушыларымның арасында дара туғаны осы Аяна болған шығар, еліміздің үздік ЖОО-ларына түскендері де бар, бірақ мектеп бітіре салып, шетелге түскен осы қызым ғана", - дейді Алмагүл Егізбайқызы.  


Аяна өз отбасымен кәсіпкер Айдын Рахымбаевпен соңғы қоңырауда. 

Аяна әлемнің 20 жоғарғы оқу орнынан қалай шақырту алғанын түсіндірді. 

"Ауылда оқып жүргенімде болашақта жоғарғы оқу орнын шетелде оқу деген арман ғана еді, мүмкіндік аз болатын. Ал осы мектепке келген соң мүмкіндіктер өздігінен ашыла берді. Жалпы шетелдік университтерден шақырту алу оңай шаруа емес. Елдер оған екі-үш жыл бойы дайындалады, ал бізде небары бір айға жуық уақыт болады. Бірінші семестр аяқталған тұста біз халықаралық SAT дайындық группасына іріктеуден өтіп, халықаралық тесттер тапсырдық. Сосын арнайы сайт арқылы әлемдік университеттерге өз атымыздан өтініштер жібере бастадық. Шамамен 35-ке жуық университетке өтініш жібердім, олардың жауабы сәуір-мамыр айларында келетін болды, кейбіреуі жазда белгілі болады деді. Сәуір соңында мен 20 университеттен шақырту алдым. Әр түрлі елден және әртүрлі шартпен. Мысалы өзім қалаған АҚШ университетінің қаржыландыруы толық емес болды, Түркия, Ресей университеттерінен жақсы ұсыныстар болды. Еуропа елдерінен Литваның Каунас қаласындағы Vytautas Magnus University ЖОО-ның шарттары маған әбден ұнады. Осылайша мен еуропалық университеттің студенті атандым, алдағы жылдары экономика-қаржы саласында білімімді шыңдайтын боламын. Бұйырса 26 тамызда Литваға ұшамын", - дейді ол. 

Қазақстан халқының ұрпақтар сабақтастығы арқылы мәдениетін, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту. Дәстүрлерді жаңғырту және дамыту проблемасына, ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ жастарды өз халқының мәдениетіне, халық шығармашылығын қайта жаңғырту, оқушылар мен оқытушылардың арасында ұлттық идеялогияны арттыру. Осы орайда Аяна жетістікке жетуге қандай қасиеттер мен ұстанымдар әсер еткенін айтты. 

"Шетелде оқып жүрген Қазақстан азаматтарын көріп риза болатынмын. Енді қзімде солардың қатарына қосылғаныма қатты қуанып жүрмін. Болашақта арманым - осы өзім оқыған IQanat мектебінің бір меценаты болсам деймін. Өйткені біз осы мектептің бірінші түлегіміз және есімдеріміз тасқа қашалып жазылды. Сол жерде мен оқытқан оқушының да есімі жазылса деймін. Әлеуметтік экономика деген ауқымды сала бар, осы бағытта Қазақстанда айтарлықтай өз үлесімді қосқым келеді. Жалпы меніңше, жетістікке жету үшін мынадай үш сөзді айтар ем: амбиция, ашықтық және табандылық (әр жабық есікті соғып, өз мүмкіндігіңді жібермеу керек)", - деп түйіндеді Аяна Азизхан. 

Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының "Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" мемлекеттік гранты аясында "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен "Жетістіктің тарихы" іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.