Әлемдік әуе бағыттарының өзгеруінен Қазақстан қанша пайда табады

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер Украинадағы оқиғаларға байланысты жолаушылар ұшақтарының бағытындағы өзгерістер біздің елге қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, ҚР аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті қандай да бір шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді.

"Әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдеріне бағытталған транзиттік рейстердің көпшілігі қазір Еуропаның оңтүстік дәліздері арқылы орындалуда. Бұл ретте әуе қозғалысы ағынының бір бөлігі Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталды. Соңғы тәулікте елдің әуе кеңістігі арқылы бұрын жоспарланбаған 257 рейс орындалды", - делінген хабарламада.

Министрлік республиканың аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті ешқандай шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Сондай-ақ, әуе қозғалысын ұйымдастыру бойынша бірқатар арнайы шара: қосымша секторлар ашу, кезекші ауысымдарды күшейту және азаматтық-әскери үйлестірудің өзара іс-қимылы, түзетілген және балама бағыттар ұсыну, Қазақстанның әуеайлақтарына қонатын кемелер үшін әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беруді оңайлату және басқалары қарастырылған", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына 1,5 миллион доллар қосымша табыс әкеледі.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!