"Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының маркетинг және сату жөніндегі орынбасары Виктор Бошман Алакөлге баратын пойыз билеттерінің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Қазір туристер Алакөл көліне оңайлықпен жете алмай отыр, себебі жол нашар және әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал пойызбен жету оңай емес - алыпсатарлар кедергі келтіреді.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ мәліметінше, компанияда алыпсатарлармен күресу бойынша түрлі шара қабылданып жатыр. Алайда, жалпы билет те жеткіліксіз.
"Сатуға барлық қала мен бағыт бойынша 76 156 билет түсті. 45 күнде барлық бағыт бойынша 45 446 билет сатылды. Сату күн сайын таңертеңгі 7-де келесі 45 күнге ашылады. Бүгінде Алакөлге барлық жеке тасымалдаушы мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарына 30 мыңға жуық билет қалды.
Әсіресе, Алматыда билет тапшы. Күніне Алматыдан Алакөлге және кері қарай барлығы 264-тен 728-ге дейін билет ұсынылады. Миллион тұрғыны бар қала үшін бұл өте аз. Сондықтан, бұл орындар тез сатылады", - деді ол.
Виктор Бошманның айтуынша, қазір Алматыда вагондар мен пойыздар жеткіліксіз.
"Алматыда қосымша жолаушылар пойызы үшін орын жоқ. Қытайға жүк пойыздары бар және қосымша пойызды іске қосуға мүмкіндік жоқ. Қазір бары осы - барлық күш жұмылдырылды. Орындар өте тез сатып алынады, сондықтан билет тапшы болады. Ол үшін пойыздардың, вагондардың санын көбейту, жолдарды кеңейту, жүйені қайта құру қажет. Бұл мәселеге кешенді түрде келуіміз керек", - деді ол.
Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!
Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!