АҚШ мамандары тікелей рейстер ашу үшін Қазақстанның әуежайларын зерттейді

АҚШ көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің мамандары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейін бағалайды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Қазақстанның авиациялық билік орындарының шақыруымен еліміздің әуежайларын рейстерге қызмет көрсету тұрғысынан сертификаттау және АҚШ-қа ұшу үшін CAT1 тағайындау жұмыстары басталды. Бұдан басқа, авиациялық билік орындарының әуе қауіпсіздігі саласындағы әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға тиімді бақылау мен қадағалауды іске асыру жайы қаралды.

ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) мамандарымен және АҚШ елшілігінің экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) сарапшыларымен кездесті.

 Фото ҚР ИДМ ААК баспасөз қызметі

TSA мамандары Дэниел Маккуэйд, Дейл Джон Вурстен, Джаред Пол Даоча, Роберт Майкл Хукансон, Стивен Пол Ной және EXBS сарапшылары Ник Кавеллеро және Анар Шайкенова Қазақстандағы азаматтық авиация саласын реттеуші кәсіпорын қызметімен және әуежайлар мен әуе компанияларындағы авиациялық қауіпсіздік жүйесімен танысты.

"Кездесу барысында Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін TSA аудитінен одан әрі өту мәселесі талқыланды. TSA және EXBS мамандары авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және тәжірибесіне сәйкестігі тұрғысынан пысықтады. Авиация саласы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша кеңес өткізді", - делінген хабарламада.

АҚШ мамандары 2021 жылғы 20-29 қазан аралығында әуежайлар периметрінің қауіпсіздік жүйесімен, аумаққа кіруді бақылау, бортта тамақтандыру, жүк пен пошта қауіпсіздігі жүйесімен танысу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында болады.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!