Ақмешіт - тылсым күштер мекені

Ақмешіт үңгірі. Сурет Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-нен

Түркістан облысын турист ретінде зерттей келе, тек жергілікті көрікті орындарды ғана емес, Қазақстан бойынша ерекше жерлерді кездестіруге болады. Соның бірі - Ақмешіт жұмбақ үңгірі немесе Ақмешіт-әулие. Kaz.tengritravel.kz порталы Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-мен бірге Орта Азияның осынау маңызды, қасиетті орны жайында аңыздар мен наным-сенімдер туралы толығырақ баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Түркістан облысын турист ретінде зерттей келе, тек жергілікті көрікті орындарды ғана емес, Қазақстан бойынша ерекше жерлерді кездестіруге болады. Соның бірі - Ақмешіт жұмбақ үңгірі немесе Ақмешіт-әулие. Kaz.tengritravel.kz порталы Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-мен бірге Орта Азияның осынау маңызды, қасиетті орны жайында аңыздар мен наным-сенімдер туралы толығырақ баяндайды.

Ақмешіт үңгірі табиғат қолымен жасалған нағыз ғибадатхана десе болады. Ол Түркістан облысының Кеңестөбе ауылынан бес шақырым, Түркістаннан 163 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл жер өзінің ерекше атмосферасына, сөзбен жеткізе алмайтындай сезімге бөлейтініне, қайталанбас климатына қарай бұрыннан мінәжат ететін қасиетті орын болып саналады.

Реклама
Реклама

Бұл үңгірдің қай ғасырда және қандай жағдайда пайда болғандығы туралы нақты деректер жоқ, дегенмен оны 1973 жылы Мәскеу геологтары, одан ертерек тарихшылар зерттеген. Алғашқылары Ақмешіттің пайда болуына метеориттің құлауы себеп болған деп болжайды. Екіншілері, әктас қабаттарынан пайда болған үңгір тастары энеолиттік кезеңге, яғни мыс-тас дәуіріне жатады дейді. Қалай болғанда да, бүгінгі Ақмешіт Орта Азиядағы ең ірі үңгірлердің бірі.

Үңгірдің ұзындығы 150 метр, ені 65 метр және биіктігі 25 метрге жетеді, ал оның ішінен қарағандағы бейнесі тіпті таңғаларлық, ішкі жағынан ол киіз үйдің шаңырағына ұқсайды, ал екінші жағынан тұмарға да ұқсайды. Үңгірдің акустикасы, шынымен де, ерекше: егер сіз бір бұрышында тұрып дауыстасаңыз, екінші бұрыштан сізді ешкім естімейді.

Үңгірдің ішіне шашыраңқы, жұмсақ сәулелі жарық түседі. Мезгіл-мезгіл тау жыныстарындағы тесіктерден су тамшылайды, сонымен қатар, үңгірдің өзіндік микроклиматы бар: сыртынан қарағанда қыста іші жылы, ал жазда салқын. Сонымен қатар, үңгірдің айналасында ағаш өспейді, бірақ ішінде, жер астының жиырма метр тереңдігінде, өзінің экожүйесі бар кішкентай бақ жайқалып тұр, ескі тұт ағаштарынан тұратын нағыз жасыл бұрыш. Тікелей күн сәулесінен қорғалған жапырақтары ерекше жасыл, қанық түске ие, мұндай түсті жапырақты сырттан кездестіре алмайсыз, сонымен қатар, мұнда шауқарға мен жабайы көгершіндер де мекендейді.

Ақмешіт үңгіріне келетіндердің өз тілегі бар, халық арасында бұл жердің жұмбақ қасиеті ерекше. Көп келушілер тастарды бір-біріне қойып, тілек тілесе, кейбіреулер тілегінің орындалуынан үміт етіп, ақ матаны ағашқа байлап, не жай қалдырып кетеді екен. Тылсым күштер мекені тіпті ауруға да шипа болады: сәби сүйгісі келетіндер сәбилі болып жатса, кейбіреулердің қан қысымы қалпына келіп, енді біреулер қант диабетінен айығып жатады. Толық жазылу үшін көп адамдар іштерінен тілек тілеп, үңгір ішіне 7-8 метр бойлап кетеді екен.

Әрине, Ақмешіт үңгірі жайында аңыз-әңгімелер де баршылық. Кейбіреулер мұнда ертеректе бір әулиелер отбасы өмір сүрген, үңгір ішіне киіз үй тігіп, жоғары-төмен баспалдақпен кіріп-шығып жүрген деседі. Ал бәз біреулер жоңғар шапқыншылығы тұсында мұнда әйелдер, балалар жаудан жасырынған дейді. Тіпті біреулер мұнда алып әбжылан мекендеген, кейін оны Сүлеймен пайғамбар қуып жіберген деп те айтады екен.

Басқа аңызға сүйенсек, мұнда жұрт мінәжат ететін мешіт болыпты, оған орталық күмбезге апаратын төрт жерасты жолымен жартас арқылы ғана кіруге болады. Жүз жыл бұрын мешіт күмбезінің жартысы құлап, өткел жабылып қалған, ал құлаған орнында қуыс пайда болған, сол арқылы қазір кіріп-шығады. Уақыт өте келе бұл жерде Азияның түкпір-түкпірінен мінәжат етушілер көбейіп, баспалдақ пайда болды.

Енді бір аңыз бойынша Есіркеп Қойкелді батыр 10 мың жауынгерімен жоңғарларға қарсы жорыққа шығарда жаңбыр жауған екен. Жауынгерлер жаңбырдан қорғанатын пана іздеп, осы үңгірді табады, ішінде отырып, жаңбырдың тоқтауын сұрап, дұға тілепті. Жаңбыр тоқтаған соң жауынгерлер: "Қаратау тауының етегіндегі бұл үңгір бізді және біздің жылқыларымызды жаңбырдан қорғады. Тастары аппақ, бәріміз осында дұға тіледік. Бұл жер - қасиетті жер, бұдан былай оның атауы Ақмешіт болсын", - деп бірауыздан шешім қабылдаған екен.

Тек бір нәрсені нақты айтуға болады, үңгірге кірген адамның жан сарайы ашылады, тынысы кеңиді, мұнда кіргендер бойына бір ерекше күш біткендей болатынын айтады. Мұны кішігірім зерттеулер де растайды, үңгірде небәрі 15 минут тұрсаңыз, қан қысымыңыз қалпына келеді. Жергілікті тұрғындар мен үңгірді көп жылдан бері қараушының айтуынша, бұл қасиетті мекенге келушілер саны жылдан-жылға артып келеді.

Суреттерді Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-мен ұсынды.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная