Air Astana Орталық Азияның үздік әуекомпаниясы деп танылды

Air Astana тоғызыншы рет Skytrax World Airline Awards рейтингінде Орталық Азиядағы ең үздік әуекомпания болып танылды. Әуекомпания Skytrax рейтингінің 2012-2019 жылдар аралығында алдыңғы марапаттарына ие болған. Өткен жылы Skytrax сыйлық бағдарламасы пандемияға байланысты тоқтатылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

"Пандемия қиындығына қарамастан, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету біздің басты міндетіміз болып қала береді. Мен жолаушыларымызға олардың адалдығы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларда үлкен жанқиярлық танытқан әріптестеріме алғыс айтамын", - деді Air Astana президенті Питер Фостер.

Skytrax жыл сайынғы зерттеуі әуе жолаушыларының қанағаттанушылығын өлшеу үшін жүргізіледі. 2019 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың шілдесі аралығында 13 миллионнан астам жолаушыдан сауалнама алынды. Әуекомпаниялар қызметінің сапасын бағалау жерүсті және бортта қызмет көрсетудің бірқатар критерийі бойынша жүргізілді.

"Air Astana соңғы 18 айда жалғасып келе жатқан саладағы дағдарысқа қарамастан, қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын ұстануының арқасында "Орталық Азиядағы үздік әуекомпания" номинациясында көшбасшылықты сақтап келеді", - деп атап өтті Skytrax бас директоры Эдвард Плейстед.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!
Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!