Түркістан облысы қасиетті жерлер мен таңғажайып аңыз-әңгімелерге бай. Ең танымал туристік орындардың бірі - Адам ата мен Хауа ана жартасы. Ол Леңгір қаласының жанында орналасқан және Nomad Almaty Travelers Club экспедициялық тобының Түркістандағы тоқтаған алғашқы нүктесі болды.
Мұндағы жол кешеннің қақпасына дейін өте тегіс, шұңқырларсыз. Балаларды табиғатымен де таңырқатты, айнала қып-қызыл көкнәр гүлдері, лала гүлдер, барлық жерде көктерек, дала гүлдері жайқалып тұр.
Қатысушылар жартасқа келген кезде ең алдымен дәрет алады. Шырақшы осыны міндеттейді, сондай-ақ бас киімсіз тауға шығуға қатаң тыйым салынған. Жолдан шаршаған балалар қарсылық білдірмеді, әрқайсысы бір-бір құман судан сатып алып, жуынуға кірісті. Содан кейін бәрі жоғарыға көтерілді. Шыңға шықпас бұрын, шырақшы фото мен видеоға түсіруге болмайды деп ескерту жасады. Жас журналисттердің оқиға орнынан репортаж жасаймыз деп келген көңілдері су сепкендей басылды.
Айтпақшы, бұл тас алқабы "Ғайып Ерен Қырық Шілтен" (немесе "көзге көрінбейтін қырық періште") деп аталады. Аңыз бойынша, олар адамдарға Адам мен Хауаның қиын сынақтарынан өтуге көмектесетін, сондай-ақ бұл жерді ерекше күш пен қуатқа толтыратын қасиетті рухтар.
Тасқа барар жолдағы алғашқы белгі - бұл "қақпалар", қақпа тәріздес екі тас. Оларды тек оң аяқпен аттау қажет, - деп түсіндіреді шырақшы. Әр адам жоғарыға бір-бірден көтеріледі.
Әрі қарай жолда тұт ағашы бар. Бұл молшылықты білдіреді. Оның негізінде ақ заттар көп, бірақ сіз лентаңызды немесе мата қиқымын ағашқа байлай алмайсыз, бұл дұрыс емес,- деп ескертеді шырақшы.
Туристер үшін басты міндет - бұл Адам ата мен Хауа ананың жартасын көтерілу. Бұл алып қылышпен кесілгендей биіктігі бес метрлік үлкен тас. Жартас таңғажайып аңыздарға толы. Олардың бірінің айтуынша, алыптар Адам ата мен Хауа ананың жартастарының қасында орналасқан қасиетті Қазығұрт тауының даңқының асқақтағанын көре алмады және оны жермен-жексен етпек болды. Олар үлкен тастарды жоғары қарай лақтыра бастады, бірақ тау барлық соққыларға төтеп берді. Тастардың біреуі жарылып, алысқа ұшып, Адам мен Хауа тұрған шыңға жетті. Адам ата Хауа ананы арқасымен жауып үлгереді, сондықтан оның жартас бөлігінде шұңқырлар бар да, ал Хауа ананың жартасы шыныдай тегіс.
Тағы бір аңыз бойынша, Адам ата мен Хауа ананың жартастары бір кездері қайсысы мықты деп Қазығұртпен бәсекелесуге бел буады. Адам мен Хауа Қазығұрттың бағытына үлкен тасты лақтырады, ал қасиетті таудың басында шоқтығы бар үлкен кесек пайда болады. Жауап ретінде Қазығұрт та тас жібереді. Қатты соққыдан ол екіге бөлінеді. Осылайша Адам мен Хауаның жартастары Қазығұртпен бәсекеге түседі, бірақ соңында ешкім жеңе алмады. Таңғажайып оқиғалар, солай ма? Әңгімелеп отырған шырақшының байсалды жүзіне қарап, мұның бәрі шынымен болғанына сенгің келеді.
Адам мен Хауаның жартасында тар өткел бар. Тек сенімі берік және ойы таза адам қысылмай өте алады деген сенім бар. Кейде толық адам өтіп кетуі мүмкін, ал арықтау адам сәтсіздікке ұшырап жатады екен. Сондықтан шырақшы ниетті түзеп, Алла Тағаладан көмек сұрау керек дейді. Тағы бір назар аударатын нәрсе - сәлемдесу орны. Мұнда ер адамдар саусақ іздерін тигізіп, Адам атаға сәлем бере алады. Әйелдер иіліп тағзым ету керек.
Егіздердің символы - ұл мен қыз - екі шоғыр түрінде келеді.
Бір үлкен шоғыр түріндегі ананың белгісі...
Межелі жерге жеттік, онда жартастан 30 метрлік саяхат басталады. Мұнда шырақшы топ мүшелеріне асықпауды және демалып алуға кеңес береді. Дұға оқиды. Содан кейін, асықпай, аптықпай, бір бірден сынақтан өтуге жібереді.
Жартасқа оң иықпен кіру қажет. Жартастың жарығы кей жерлерде өте тар. Қабырғалар адамды қысып, ауыратын жеріне жанасып, емдейді деген сенім бар. Іші салқын, тыныш, кейде шын мәнінде қысылып қаламын деген ой келеді. Мұны ойлаудың өзі ығайсыздық тудырады, өйткені алдыңызда да артыңызда да көптеген адамдар бар…
Небары бес-жеті минутта сынақтан өте шығасыз! Экспедицияның барлық қатысушылары жартастан сәтті өтті. Бала секілді қуанды, себебі шынымен қорқынышты болды. Жартас жарығынан өткен адам күнәдан арылады деп айтылады. Оның қаншалықты рас-өтірігін біз білмейміз. Тек бір білеріміз жабық бөлмеден қорқатын (клаустрофобия) және артық салмағы бар жандарға жартасқа кірмегені дұрыс болады. "Күнәдан арыламын" деп жүріп, қысылып қалып, физикалық тұрғыда зардап шегуіңіз мүмкін және моральдық тұрғыдан да әсер етпей қоймайды. Жас экспедициялық топ үшін жартастан өту шыдамдылық пен рухтың күш-қуатын сынау болды.
Бірақ мұнымен саяхатымыз аяқталмайды. Сәл арыда - тағы бір жартас бар. Ол ана құрсағын бейнелейді. Ол жерден 13 жасқа толмаған балаларға өтуге рұқсат етілген. Егер бала қорықпай, сынақтан өтсе, оны сау және бақытты өмір күтеді деп саналады.
Одан әрі шырақшы тас жануарлардың галереясымен таныстырады. Олардың барлығы аңыз бойынша, киелі Қазығұрт тауына тоқтаған Нұх пайғамдардың кемесімен келген. Жануарлар дөңгелек тас үстелге жиналғандай. Мұнда туристер өз үйіне амандық сұрайды және өздері алып келген нәрселерді жағымды энергиямен қуаттайды.
Саяхат кезінде топ қатысушылары қазақстандық ғалымның "Адам ата қазақ болған және қазақ тілінде сөйлеген" деген заманауи теорияны еске алды. Дәлел ретінде қазақ тілінде "адам" сөзінің мағынасы адам деген ұғымды берсе, ал "алма" сөзі екі мағынада қолданылады: жеміс және алма бұйрық райы. Мұның өзі символдық мәнге ие. Сондай-ақ, Іле Алатауы - алманың ежелгі мекені... Расымен қызықты. Тек бір ғана ұйқаспайтын жері бар. Хауа ана бұл теорияға еш келмейді. Бірақ балаларды басқа сұрақ мазалады: неге мұнда суретке және видеоға түсуге болмайды? Гидтен сұрадық. "Болмайды және ол талқыланбайды да, - деп жауап береді ол - бұл жеке аумақ". Біз зиярат етушілерді, жеке үйлерді және көліктерді түсірейін демедік... Мұндай жердің жекеменшік болуының өзі түсініксіз. Осы оймен топ мүшелері өз жолын ары қарай жалғастырды.
Мәтін және суреттердің авторы Мадина Ашилова