Қазақстан мен Өзбекстан Silk Road Visa бірыңғай визасына қатысты жұмысты аяқтап жатыр. Оны "азиялық шенген" деп те атайды. Болашақта шетелдіктер осы визамен Орталық Азияның барлық еліне бара алады. Жоба қашан жұмыс істейді, бұл визаны кім және қалай ала алады - Kaz.tengritravel.kz материалында.
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі редакциямыздың ресми сауалына жауап бере отырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасында Silk Road Visa электрон туристік визасы туралы ереже келісілгенін хабарлады. Сондай-ақ осы электрон визаны алу үшін құжат тапсыра алатын елдердің бірыңғай тізбесі жасалған.
Ведомствоның мәліметінше, енді нормативтік-құқықтық және техникалық сипаттағы мәселелерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, сондай-ақ жобаны толыққанды іске асыру үшін бірыңғай консулдық алымды айқындауды және үкіметаралық келісім жасасуды қоса алғанда, жобаны бірлесіп қаржыландыру мәселелерін шешу керек.
Жоспарға сәйкес, келісім бойынша жұмыс биыл аяқталады және пилоттық жоба 2022 жылы іске қосылады.
"Біздің елдерімізде және жалпы әлемде коронавирус пандемиясының бірқатар факторының әсерін ескере отырып, іске қосу күні кейінге шегерілуі де мүмкін. Әзірге белгісіз", - делінген ведомствоның жауабында.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай сырттан келушілер санын тоғыз миллион адамға дейін, оның ішінде сырттан келетін туристер санын үш миллион адамға дейін ұлғайту қажет.
"Silk Road Visa жобасының арқасында біз жыл сайын туристер санын кемінде бір миллионға көбейтуді жоспарлап отырмыз", - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің жауабында.
Silk Road Visa алған шетелдік туристер үшін мынадай артықшылықтар болады:
1. Олар келу визасын ресімдеу үшін елдердің (Орталық Азия - еск.) дипломатиялық өкілдіктеріне, консулдық мекемелеріне жүгінудің қажеті жоқ.
2. Silk Road Visa шетел азаматтарының ел аумағына кіруі үшін рұқсат құжаттарын ресімдеу тәртібін жетілдіруге мүмкіндік береді.
3. Шенген визасының Орталық Азиядағы баламасы шетелдік азаматтың келу визасын алуға өтінішін қарау мерзімдерінің бірыңғай жүйесін құруға мүмкіндік береді.
4. Silk Road Visa визаны алу үшін уақыт шығындарын және қажетті құжаттар тізімін қысқартады, сондай-ақ ұсынылатын қызметтердің сапасын арттырады.
Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!