1 қаңтардан бастап ел ішінде саяхаттайтын балалар үшін әуе билетінің құнын мемлекет өтейтін болады. Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы күшіне енді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі. Жаңа бағдарламаның мақсаты - қазақстандықтарды ел ішінде отбасымен демалуға ынталандыру.
Ережеге сәйкес, балалардың әуе сапарына жұмсалуы мүмкін сома жергілікті лицензияланған операторлардың туристік пакетіне енгізілген жағдайда ғана өтеледі. Қазақстанның екі жастан 17 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған азаматтары немесе елде тұрақты тұруға құқығы бар азаматтығы жоқ балалар тегін ұшады.
Субсидия алуды туроператор реттейді, ол "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясына қажетті құжаттар пакетімен өтінім жіберуі тиіс. Мақұлданған жағдайда әуе билетінің құны толық көлемде төленеді.
"Балалар тегін ұшуы үшін туристер туристік өнімді ішкі туризм саласындағы туроператорлардан алуы керек. Бұл мүмкіндікті Қазақстан Республикасының аумағында жоспарланған демалыстарға пайдалануға болады. Тегін ұшу ішкі туризм саласындағы туроператордың қаражаты есебінен жүргізіледі", - деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!