Air Astana-ға жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 21 миллион теңге айыппұл салынды

Азаматтық авиация комитеті (ААК) шілде айынан бастап Air Astana-ға рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 21 миллион теңгеден астам айыппұл салды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

"Жұмыс барысында 2022 жылғы 16 шілдеде "Эйр Астана" әуекомпаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша КС-853 рейсі резервтік ұшу экипажын күту себебінен 27 сағат 21 минутқа кешіктірілгені анықталды. Рейстің кешігуі кезінде жолаушыларға қолданыстағы заңнамада қарастырылған қызметтер ұсынылмады, атап айтқанда қонақүйде тұру. Осыған байланысты, осы жылдың 6 қыркүйегінде "Эйр Астана" әуекомпанияларына қатысты рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК - 3 063 000 теңге көлемінде айыппұл салынды", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Осылайша, осы жылдың шілдесінен бастап "Эйр Астана" әуекомпаниясына ("Fly Arystan" әуекомпаниясы құрылымдық бөлімшесі)  қатысты жалпы сомасы 7 000 АЕК - 21 441 000 теңге жеті айыппұл салынды.

"Аталған кезеңде қазақстандық әуекомпаниялар сегіз рет 8 000 АЕК - 24 504 000 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтық авиация комитеті жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының жолаушылар құқығын сақтау бөлігіндегі талаптарын ұстанады және тасымалдаушылар тарапынан қайталап бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, көзделген шаралар қабылданатын болады", - деп жазды комитеттің баспасөз қызметі.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!