Саяхаттау vs пандемия. Бұл екеуі соңғы уақытта параллель ұғым болып кеткені анық. Қазақстандықтарға қазіргі уақытта тек 12 елге шығуға болады. Коронавирус пандемиясы жақын арада аяқталып, саяхатқа жол ашылады деген үміттеміз. Kaz.tengritravel.kz сайтының бүгінгі сұхбаттасушысы әлемнің 88 елін шарлаған, әлеуметтік желіде саяхаттаудағы қызықты сәттерімен бөлісіп жүрген, Денсаулық сақтау министрінің аттасы - Александр Цой. Ол редакцияның дайындаған сұрақтарына жауап бере отырып, бала кезінен келе жатқан арманын қалай жүзеге асырғаны туралы айтып берді.
Жаңа бір елге келгенде, бірінші кезекте баратын жеріңіз?
Бірінші кезекте Vizit орталығына барамын. Осы жерден әрбір саяхатшы өзіне қажетті ақпаратты алуына мүмкіндік бар. Менде бұл әдетке айналған. Мұнда қаланың картасынан қайда баруға болатыны туралы кеңестер алуға болады. Негізінде, сапарға шығар алдында мен ол ел туралы көбірек іздеймін, оқимын. Келісімен қандай жерлерге баратынымды біліп отырамын. Бұл, әрине қаланың басты көрнекті орындары, сосын мұражайларды аралағанды ұнатамын.
Шетелде жүргенде қандай жағдайда өзіңізді бақытты сезінесіз?
Саяхат кезінде барлық сәтте бақытқа кенелемін. Ұшақ дөңгелектері өзге елдің жолағына жанасқан сәт - мен үшін мереке. Әрине, бақылаудан өту керек, әуежайдан шығу бар, бірақ бөтен елде болу - мен үшін бақыт.
Барғыңыз келмейтін ел, қала?
Менің тізімімде ондай жоқ, барлығын көргім келеді. Әрине, қауіпсіздігі төмен елдер бар, бірақ олардың өзінде саяхатшыға қызық дүние өте көп. Мысалы Сербияны алайық. XX ғасырдың соңында онда әскери қақтығыстар болды. Ол кезде бұл елге бару қауіпті еді. Ал қазір Сербия саяхатшы үшін тамаша ел. Былтыр бардым, маған қатты ұнады.
Сіз үшін ең керемет демалыс?
Егер Қазақстанның ішінде, мысалы Алматыда болса, онда белсенді демалыс түрін таңдар ем. Тауға шығу, Медеуге, Шымбұлаққа бару. Жалпы, Алматы - демалыс үшін өте ыңғайлы қала, небары 20 минутта сіз тау бөктеріне жетіп барасыз. Достарыммен бірге белсенді демалысты ұйымдастырғанды ұнатамын. Әлем бойынша айтар болсам, саяхаттауға шыққан соң, бір орында отыру дегенді білмеймін, барынша аралауға, көруге, білуге құштармын. Сол үшінде уақытымды, ақшамды жұмсадым емес пе? Саяхатқа арнайы топпен шықсам, ол жерде өзінің бағдарламасы болатыны анық, ал жалғыз өзім баратын болсам, міндетті түрде алдын ала гид жалдаймын. Қазір әлем бойынша гид қызметін ұсынатын көптеген сайттар бар.
Интернетке қосыла алмайтын жерде болу сіз үшін қиындық туғыза ма?
Жоқ болса, жоқ. Қатты бір қиындық туғызады дей алмаймын. Әрине, бір туристік нысанға барған кезде ол туралы мағлұмат алғың келеді, сондай кезде ғана болмаса, оны бір мәселе көру дегенді білмеймін. Мысалы, Кубаны алайық. Онда интернет өте қымбат. Кубадан Панамаға ұшатын болдым, ал Панамадан Мексикаға, Мексикадан АҚШ-қа, ал АҚШ-тан Ямайкаға. Осындай кезде интернет қажет, өйткені билет брондау, қонақүй іздеу, хабарласу керек болды. Қазір біз жаһандық интернет заманында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан аса бір қиындық туғызады деп айта алмаймын.
Саяхат кезінде болған қызықты оқиға?
Бастан өткерген оқиға өте көп. Қызықты оқиғаларда болды, екі рет (Португалияда және Сочиде) құжаттарымды ұрлатып алдым. 2017 жылдың ақпан айында өзімнің балалық арманыма қол жеткіздім - Солтүстік шұғыласын көрдім. Осы арманға жету үшін маған ұшуға, жүруге, жүзуге, жаяу жүруге тура келді, шамам жетпеген кездері арманымның бағытына қарап, бүк түсіп жатып қалатынмын. Мен аңсаған арманыма жеттім. Мен Солтүстік шұғыласын тамашалап қана қоймай, оны суретке де түсіріп алдым. Ол үшін мына бағыттар бойынша ұштым: Алматы - Ыстамбул - Копенгаген - Рейкьявик - Стокгольм - Осло - Тромсё - Осло - Мәскеу - Алматы. Өйткені, Солтүстік шұғыласын қыста және тек Норвегияның Тромсё қаласы орналасқан Поляр шеңберінен тыс жерде ғана көруге болады.
Солтүстік шұғыласының пайда болуы үшін көптеген факторлардың тоғысуы қажет, өйткені құбылыстың өзі күннің белсенділігімен тікелей байланысты. Ауа-райы, айдың болмауы, жұлдыздардың белсенділігі, шұғыланың жарығы, температура, атмосфералық қысым және тіпті желдің қуаты да маңызды. Норвегиялықтардың өздері айтқандай: "Аврора (Солтүстік шұғыласы) - қылықты қыз іспетті: кез келгенге көріне бермейді". Мен ғажайып сәттілікке тап болдым, өйткені Тромсёға келерден үш апта бұрын оның аспанын қалың бұлт торлап тұрған еді.
Бірақ, өз ойымша саяхат құдайы менің жағымда болды. Дәл осы түнде бұлттар сейіліп, мен Солтүстік шұғыласының керемет сұлулығына куә болдым. Ол қалықтады, жарқырады, құлдилады, бұралаңдады, бір орында қатып қалды, айналды, оңды-солды бұрылды және төмен құйылды. Ол өткір сәулелерімен жерге қадалды, біресе ұлу тәрізді шиыршыққа айналды, бірде аспанда ағынды, кең өзендей сырғып жатты. Бұл - менің өмірімде көрген ең әдемі табиғат құбылыстарының бірі. Мен оған жетуде қиын және ұзақ жолды бастан өткергенім үшін және осы табиғат сыйын тамашалауға қол жеткізгенім үшін қатты қуаныштымын.
Грекия
Мәдениеті Қазақстанға жақын келетін елдер?
Қырғызстан сәл жақындайды, бірақ салыстыру өте қиын. Моңғолияны айтуға болады, бірақ қайталап айтамын, менталитет басқа болған соң, салыстыру қиын.
Сіздің ойыңызша әр азамат әлемнің қай елін, қаласын көруі тиіс?
Әркімде әрқалай екені анық. Біреулер Оңтүстік Шығыс елдерін, біреулерге Еуропа ұнайды, басқасына Африка елдері қызық. Нақты менің пікірім: АҚШ, Жапония және Италия. Бірақ бұл тізімге тағы он шақтысын қосуға болар еді.
Италия
Саяхаттау кезінде не ұнамайды?
Барлығы ұнайды. Саяхаттаудың теріс тұсын көрмеппін. Әрине, түрлі жағдай кездесіп жатады, бірақ оның бәрі саяхаттаудан алатын ләззатпен салыстырғанда болмашы дүниелер. Ең бастысы сапарға шығар алдында, жақсылап қамдану керек. Баратын ел туралы мағлұмат, тоқтайтын қонақүй, қызметтердің бағасы сияқтылардың барлығын зерделеп алған дұрыс.
Саяхаттау - табысты іс пе?
Иә, бұл табысты іс - егер дұрыс жұмыс істей алсаңыз, әрине. Көпшілік үшін бұл бір жұмбақ болып көрінеді, алайда жаныңызды салып, дұрыс жұмыс істеп, серіктестеріңізді қапыда қалдырмасаңыз, табыс табуға әбден болады.
Қанша төлқұжат ауыстырдыңыз?
Белсенді саяхаттап жүрген кезде төлқұжат небары 11 айға жететін. Сосын ол визаға толады да, ауыстыруға тура келетін. Мынадай да жағдай кездесіп жатады, мысалы бір елге менде виза ашылған, алайда төлқұжатым толды. Жаңасын алуға барған кезде, ескі төлқұжатты дыроколмен тесіп, жарамсыз етеді де, жаңасын береді. Ескісінде менде виза бар. АҚШ-қа бару үшін тіпті үш төлқұжат көрсеткен жағдай болған, екеуі жарамсыз бірақ онда елге кіру туралы виза бар. Елдің бәрі осыны көреді де, таңғалады.
88 елді шарлау - бұл қазақстандық үшін рекорд па?
Жоқ, 100-ден аса елде болған біраз қазақстандық бар. 100-ден аса елде болған жігіттерді танимын. Танымаймын, бірақ 120 елде болған бір қазақстандық туралы естуім бар. Менің әрдайым айта жүретін бір нәрсем бар, ол: Сапарға шығатын кезде межелеген елдің жанында қандай көршілері бар, соған назар аударыңыз. Яғни, сіз бір сапарда бірнеше елді аралауыңызға болады. 88 елді бір-біртіндеп аралап шығатын болсам, әрине,оған узақ уақыт және қомақты қаражат пен күш жігерімді жұмсайтыным анық. Мысалы, Вьетнамға барғанымда, соның жанындағы Лаоста да болдым. Алдын ала билет алдым, гид жалдадым. Осылайша мен ТМД және Еуропаның бүкіл елін (59 мемлекет) аралап шықтым.
Сұхбатты үш сөзбен аяқтаңыз?
Саяхаттаңыз және ештеңеден қорықпаңыз!
Саяхаттауды бастамай тұрып, жақсы бір іс атқарып қомақты қаражат алдым. Енді сол ақшамды қайда жұмсасам деген сұрақ туындады. Көлігім, үйім бар, киім-кешек дегенге қызықпадым. "О, саяхаттап көрейін" дедім. Бірақ сол кезде мен соның байыбына жете алмадым, ал қазір менде сондай ақша болса, ойланбастан саяхаттауға жұмсар едім.