59 жастағы ер адам мас күйде пойыздың тоқтату кранын жұлып алған

Атырау облысы Кенбай станциясының учаскесінде тоқтату кранын жұлып алуына байланысты Атырау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының кестеден тыс тоқтауы орын алды. Оқиға салдарынан пойыз тұрағы 12 минутты құрады. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында көлік полицейлері Ақтөбе облысының 59 жастағы тұрғынын анықтады. Ол спирттік ішімдік ішіп, мас күйде вагон тамбурында тоқтату кранын жұлып алған. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес оның "орташа дәрежедегі" алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Сағыз станциясына келгеннен кейін құқықбұзушы акт бойынша пойыздан түсірілді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу және қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату) бойынша хаттама толтырылып 10 АЕК (34 500тг) мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске салайық, жыл басынан бері көліктегі ПД қызметкерлері 18 774 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін - 1 966. Сондай-ақ тоқтату кранын жұлып алудың 13 дерегі тіркелді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!