29 маусымда Ыстықкөлдегі Сары-Ой ауылындағы "Радуга" пансионаты жағажайында жаппай төбелес болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Kaktus.media сайтына сілтеме жасап.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Жергілікті тұрғындар пансионаттың қауіпсіздік қызметімен төбелескені айтылды.
"Енді демалушыларда қауіпсіздік болмайды. Олар тіпті пышақ алып жүр. Демалушылардың самокатын тартып алып, бір-бірін ұрып-соқты. Бұл енді шектен шыққандық. Мұндай бағаға (арзан емес) қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай ма? Бұл жерде тіпті шетелдіктер мен Ресейден келген туристер көп, олар мұның бәрін көріп отыра ма?" - делінген видео сипаттамасында.
Кейін төбелеске қатысқан 18 адам полицияға жеткізілген. Ұсталғандардан жауап алынған.
"Жеткізілгендердің айғақтарына сәйкес, оқиғаға қатысушы тараптың бірі пансионат жағажайында қонақ күткен. Қонақтардың бірі көл маңында зәр сындырып жатқанда, мұны күзет қызметіндегі жергілікті тұрғын байқап қалып, ескерту жасаған. Ол ескертуге мән бермеген. Салдарынан ер адам мен қауіпсіздік қызметкерлері арасында ауызша кикілжің туындап, арты төбелеске ұласқан. Дерек бойынша соталды іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" - деді Ыстықкөл аудандық полиция бөлімі өкілдері.
Полиция бұл оқиғаның "жергілікті тұрғындардың жағажай аймақтарына кіруіне еш қатысы жоқ" екені айтты.
Қырғызстанда Ыстықкөл жағажайлары жергілікті тұрғындар үшін ашық. Көлдегі жағажай аумақтарын қоршап тұрған пансионаттар мен демалыс үйлерінің қоршаулары бұзылып, қайта орнатуға тыйым салынбақ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!