Вакцина алған туристер үшін тағы бір ел ашылады

1 қыркүйектен бастап Оманның шекаралары екпе салдырған саяхатшылар үшін ашылады. Бұл шешімді елдің COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жоғарғы комитеті қабылдады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Тravel off Path-қа сілтеме жасап.

Азаматтық авиация басқармасы сұлтандыққа (мемлекеттің ресми атауы - Оман Сұлтандығы - ред.) әуежайлар арқылы кіру шарттарын жаңартты. Енді визасы бар немесе оған мұқтаж емес кез келген адам елге вакцинаның толық курсын аяқтағанын көрсететін QR-коды бар құжатты ұсына алады. Екінші дозаны алған сәттен бастап кем дегенде 14 күн өтуі керек. Сондай-ақ, сегіз немесе одан да көп сағат ұшатындарға төрт күннен ерте емес ПТР-тестін тапсыру қажет болады.

Елге келген кезде де тест тапсыруға болады, тек мұндайда нәтижесі шыққанша электрон бақылау білезігімен карантинде отыру керек. Егер тест оң болса, 10 күн оқшаулану керек. Коронавируспен ауырып жазылғандар сапарға дейін карантиннен өткенін дәлелдейтін құжаттар ұсынуы керек.

Сапар алдында саяхатшылар Тarassud+ платформасында тіркеліп, вакцина сертификаты мен тест нәтижелерін жүктеуі керек. 18 жасқа дейінгі туристер мен вакцинациядан медициналық рұқсаты бар жолаушылар анықтамадан босатылады.

Айта кетейік, маусымда Оман "Спутник V" вакцинасын шұғыл қолдануды мақұлдады.

Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!