Ұшқыш қозғалтқышы істен шыққан ұшақты апатты жағдайда қондырды

АҚШ-тың Висконcин штатында ұшқыш бұрқасын қар жауып тұрған кезде қозғалтқышы істен шыққан лайнерді жерге қондырып, бортта болған үш жолаушы мен 53 итті аман алып қалды, - деп хабарлайды Daily Mail.

Уокеши жануарларды қорғау қауымдастығы (HAWS) Жаңа Орлеаннан 53 құтқарушы-итті Висконсинге жеткізбек болған, алайда ұшу кезінде ұшақтың бір қозғалтқышы істен шыққан. Ұшқыш дереу қону шешімін қабылдап, Милуоки маңындағы Western Lakes гольф алаңына апатты жағдайда қондырды.

Бұрқасын қар жағдайды ушықтырған, алайда соған қарамастан ұшқыш екі ағаштың ортасын көздеп, әуе аппаратын сонда бағыттаған. Қону кезінде лайнердің қанаттары бөлініп қалған. Осы жағдайдың куәсі болған гольф клум қызметшілері жолаушыларға көмектесуге асыққан: олар экипаж мүшелеріне көмектесіп, иттер тұрған 53 жәшікті қауіпсіз жерге көшірген. Жергілікті басылымдарда әуе кемесінің капитаны қаһарманға айналды.