Ұшақта жарақат алған бала компаниядан 33,6 миллион теңге талап етті

Ирландиядан Түркияға бағыт алған ұшақта бортсерік байқаусызда жасөспірімді жарақаттап алады. Содан кейін зардап шеккен бала әуекомпаниядан 56 мың фунт стерлинг (33,6 миллион теңгеден аса) талап еткен. Бұл туралы Daily Mail жазады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Lenta.ru басылымына сілтеме жасап.

2017 жылдың 22 шілдесінде (сол кезде бала 13 жаста болған) Эмре Каракая анасымен бірге Дублиннен Ыстамбулға Turkish Airlines рейсімен ұшқан. Бортсерік сусын таратып жүргенде абайсызда баланың оң жамбасына ыстық шай құйып алады.

Оқиғадан кейін отбасы пластикалық хирургқа жүгінген. Жарасы үш аптадан кейін жазылған. Алайда оның орны қалып қояды. Кейін баланың анасы әуекомпанияны сотқа беріп, ақшалай өтемақы талап еткен.

Дүйсенбіде, 2021 жылдың 19 сәуірінде сот әуекомпанияға қатысты 56 мың фунт стерлинг (33,6 миллион теңгеден аса) өтемақы төлеу туралы үкім шығарды.