Virgin әуекомпаниясының жолаушысы рейске кешігіп келген. Онымен қоймай 800 долларынан (357 386 теңгесінен) айырылып қалған. Мұның барлығы әуетасымалдаушының электрондық хабарламасындағы қатенің кесірінен болған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Yahoo News басылымына сілтеме жасап.
Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес 64 жастағы Макс Кэмерон қаңтар айында аустралиялық Тасманиядан Мельбурнға ұшуы керек еді. Ұшар алдын оған хат келді. Онда рейс 45 минутқа кеш ұшады деп жазылған көрінеді. Ұшатын уақыты өзгерген соң, ер адам әуежайға сол уақытта барды. Алайда жолаушыларды тіркейтін аумақта ешкім болмаған.
Салдарынан Кэмерон келесі күні таңға жаңа билет сатып алуға мәжбүр болды. Ол Virgin басшылығына шағымданды. Олар алдымен өтемақы төлеуден бас тартты. Бірақ кейіннен электрондық поштаға жіберілген хабарламада қате бар екенін мойындады. Себебі ұшып кету және тіркеуді аяқтау уақыты дұрыс көрсетілмеген екен. Енді ер адам шығыны өтеледі деп үміттеніп отыр.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!