Үндістанның Джайпур қаласындағы Альберт-холл музейі екі күнге жабылуға мәжбүр болды. Музей маңында құнды артефактілерге қауіп төндіретін егеуқұйрықтар қаптаған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Mirror басылымына сілтеме жасап.
Егеуқұйрықтар музей жанындағы тарихи бақтан табылған. Жұмысшыларға аймақтағы ең ірі туристік орындардың бірінен кеміргіштерді жою үшін 72 сағат уақыт берілген.
Зиянкестермен күресумен айналысатын 30 жұмысшыдан тұратын топ қазір кеміргіштердің ұяларына және бүкіл аумаққа пестицидтерге арналған жемдерді орналастыру арқылы мәселені шешуге тырысып жатыр.
Джайпурды дамыту басқармасының (JAI) хатшысы Нишант Джайннің айтуынша, мұражай орналасқан аймақтағы егеуқұйрықтардың көбеюі инфекциялардың немесе тіпті эпидемияның ықтимал таралуы туралы алаңдаушылық туғызады.
Жергілікті шенеуніктер егеуқұйрықтар ғимаратқа кіріп, құнды жәдігерлерді зақымдауы мүмкін деп алаңдайды.
Альберт-холл музейі 1887 жылы ашылды және тарихшылар "Еуропаның әжесі" және "барлық монархтардың анасы" деп атаған Виктория патшайымның ұлы ханзада Альберт Эдуардтың есімімен аталған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!