Үндістанда құтырған пілдер бірнеше адамды өлтірді

Үндістанның Батыс Бенгалия штатының Джарграм ауданындағы бірнеше ауылында жабайы пілдер жұртшылықтың үрейін қашырды. Жабайы тіршілік иелері үш күн бойы шабуылдап, төрт адамды мерт қылған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі News9nine басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, құрбан болғандардың біріншісі Санкрайл кварталының Джиту Хембрам есімді азамат болған. Ер адам пілдердің шабуылынан ауруханада қайтыс болды. Келесі күні Наяграм кварталында піл Дамаянти Махато есімді 24 жастағы қызға шабуыл жасаған. Алған жарақатынан ол да қайтыс болды.

Жабайы жануарлардың келесі құрбаны 25 жастағы Суджит Махато болды. Оқиға Джарграм ауданының тұрғын аудандарының бірінде болған. Жергілікті тұрғын кешке жұмыстан велосипедпен үйіне қайтқан. Кенеттен оның артында піл пайда болды, сосын ол тұмсығымен ер адамды көтеріп, жерге атып ұрған. Жергілікті тұрғындар жігіттің айғайын естіген бетте көмекке жүгірген, алайда жас жігіт оқиға орнында қайтыс болған. Үнді БАҚ-тарының мәліметінше, орман шаруашылығы департаментінің өкілдері қайтыс болған адамның отбасына өтемақы төлеуге уәде берді.

Сол күні кешкі уақытта егде жастағы әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды. 65 жастағы Намита Махато ызаланған пілдер оған шабуыл жасаған кезде үйінің кіреберісінде тұрған. Ол да оқиға орнында қайтыс болды. Осы жантүршігерлік оқиғаның куәгері болған көршісі ештеңе істей алмағанын айтады.

India Times мәліметінше, 28 наурыздағы ақпарат бойынша пілдердің шабуылынан қаза тапқандар саны 9 адамға жеткен.

Осыған ұқсас бірқатар өлім оқиғалары жергілікті тұрғындар арасында дүрбелең туғызды, олар құқық қорғау органдары мен орман шаруашылығы департаментінің шенеуніктерінің әрекетсіздігіне наразылықтарын білдіре бастады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!