Түркия туристер үшін жаңа ережелер енгізді

Түркияда коронавирус жұқтырған жолаушылармен байланыста болған туристерді карантинге жатқызбайтын болды. Бұл туралы "Вестник АТОР" мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.

Басылымның мәліметінше, Түркияның денсаулық сақтау басқармасының ережелеріне сәйкес, елге ұшып келген рейсте COVID-19 белгілері бар (жоғары температура, жөтел және т.б.) науқас анықталса, оған ПЦР әдісімен экспресс-тест тапсыру ұсынылады. Туристтер үшін тест тапсыру тегін. Тест нәтижесі 4 сағат ішінде белгілі болады. Егер тест нәтижесі оң болса, жолаушы қажетті тексеруден өтіп, ем қабылдау үшін мемлекеттік емханаға жіберіледі.

Сонымен қатар, ұшақтағы барлық саяхатшылар міндетті түрде орындарының нөмірін көрсетіп, сауалнама толтырулары қажет.

"Біріншіден, науқастың алдындағы, артындағы және бүйіріндегі орындарда отырған барлық жолаушыларға да (және егер науқас дәлізде отырса, оның алдында және артында диагональды түрде отырған жолаушыларға) коронавирусты анықтайтын тегін тест тапсыру ұсынылады.

Егер тест нәтижесі теріс болса, науқастың қасында отырған жолаушылар алаңсыз демалысын жалғастыра алады. Ол жолаушылар карантинге жатқызылмайды. Айта кетейік, ұшақта жұқтыру ықтималдығы жоғары емес болғандықтан, науқас жолаушының жанында отырғандардың тесті оң нәтиже көрсетпейді деп сенеміз", - деп жазады басылым.

Тест нәтижесі оң болса, науқастың хал-жағдайына және симптомдардың болуына байланысты не мемлекеттік ауруханаға (бұл жағдайда медициналық көмек көрсетілетіндіктен, сақтандыруы емделуін де, ұшуды өткізіп алған жағдайда қайтару билетінің құнын да төлейді) не карантинге (егер ауруы симптомсыз және емдеуді қажет етпесе) жіберіледі.

Егер туристте қонақүйде ауру белгілері білінген болса, мұнда да іс-әрекет алгоритмі рейстегі жолаушыдай болмақ: тегін тест тапсыртып, мемлекеттік ауруханаға жатқызу. Бұл жағдайда да сақтандырушылардың сақтандыру полисі көмекке келеді.

"Кейбір науқастармен байланыста болған жолаушыларды (егжей-тегжейін редакция анықтауда) оқшаулауға болады, бірақ, ережеге сай, оларды қонақүйде тегін жатқызу (әр қонақүйде бұл үшін арнайы бөлмелер бар) қарастырылған. Егер бұл адамдарға медициналық көмек қажет болса, емделу құнын сақтандыру полистері жабады", - деп хабарлайды "Вестник АТОР".

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков 10 тамыздан бастап Түркияға туристік рейстерді қайта бастау туралы жоспарын жариялаған болатын. Түркия қонақүйлер федерациясының басшысы Сурури Чорабатыр өз кезегінде қонақүйлердің бағасы былтырғы деңгейде сақталады деп уәде берді.