Төле би кесенесі және Македонский ағашы. Ташкент несімен таңғалдырады?

Төле би кесенесі

Өзбекстанға барғанда, Самарқанд және Бұхара сияқты тарихи қалаларды көру кез келген турист үшін міндетті іс болып саналады. Енді кез келген турист Төле би кесенесіне барып, Александр Македонскийдің ағашының астында отыра алады.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Өзбекстанға барғанда, Самарқанд және Бұхара сияқты тарихи қалаларды көру кез келген турист үшін міндетті іс болып саналады. Енді кез келген турист Төле би кесенесіне барып, Александр Македонскийдің ағашының астында отыра алады.

Шейхантаур кесенесі - Ташкентте осы уақытқа дейін сақталған ең көне мемориалдық кешен.

Реклама
Реклама

Бұл кешеннің басты ерекшелігі - мұнда қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі Төле би Әлібекұлы жерленген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қарлығаш би кесенесі, жергілікті жұрт биді осылай атайтын, қазақтар мен жақын аймақтардан келетіндер үшін ерекше құрметке ие болды.

Айтпақшы, Төле бидің Ташкент қаласын 1743 жылдан 1749 жылға дейін алты жыл билеп және осында жерленгенін бірі білсе, бірі білмейді.

Төле би кесенесіндегі құлпытас тақтасы.

Кесененің жергілікті сақшысы Отомурод ағаның айтуынша, ғимараттың салыну уақыты XV ғасырдың басына сәйкес келеді. Аңыз бойынша, жоңғар шапқыншылығы кезінде жергілікті тұрғындар дүрбелең күйінде үйлерін тастап кеткен, бірақ Төле би өз үйінде қалған. Сот барысында Жоңғар әскерінің бастығы одан басқа тұрғындармен бірге неге қашпағаны туралы сұрайды, Төле би өзінің киіз үйін бұзғысы келмейтінін, өйткені жаңа туған балапандары бар қарлығаштың ұясы пайда болғанын айтты. Бұл жағдай жоңғарлардың басшысын таң қалдырғаны соншалық, ол бұл әділ адамға да, оның туыстарына да зиян тигізбейді.

Содан бері Төле би Қарлығаш би деген атпен танымал болды - "Қасиетті қарлығаш". Кейіннен Қарлығаш-би халықты жоңғарларға қарсы күресуге шабыттандырды, ал шетелдіктер қуғынға ұшырағаннан кейін ол Ташкент губернаторы болып сайланды. Ол қайтыс болғаннан кейін, үлкен құрметпен Әулие Шейх Ховенди Тахур қабірінің қасына жерленді.


Имам Төле би кесенесінде намаз оқып тұр.

Кесене XIV ғасырда өмір сүрген қасиетті шейх Ховенди Тахурдың мемориалдық кешеніне жатады және үш ғимараттан тұрады.

Төле би кесенесінің ғимараты пирамидаға ұқсас ерекше күмбезі бар тікбұрышты болып келеді. Құрылыстың қасбеті іс жүзінде қапталмаған, күмбездің тұсында XV ғасырдың төбесінен сүңгі түрінде салбырап тұратын әк тұнба сақталған. Кесененің күмбезі қатты қираған. Ол XX ғасырдың 70-жылдарында ғана қалпына келтірілді.


Төле би кесенесінің орталық есіктері

Шейх Ховенди Тахура кесенесі осы кешеннің аумағында орналасқан. Ховенди Тахур, немесе Шейхантаур исламның "сопылық" ағымын ұстанушысы болған және шейхке тән емес қарапайымдылығымен ерекшеленген. Ол тақуалық өмір салтын ұстанған. Мәуренахыр қалаларына жиһан кезген уақытта шейх өзінің ағартушылық қызметі барысында жетімдер мен бишара халге түскендерге көмектесіп, құрметке бөленді. 

Ұзақ жылдар бойы саяхаттағаннан кейін Шейхантаур Ташкентке оралды. Ол онда жергілікті адамдардың есінде "данышпанның данасы" болып қалыптасқан. Ол 1355 жылы қайтыс болған. XIV ғасырдың соңында Әмір Темір сопының денесі жатқан мазардың үстіне кесене соққан. 

Қазіргі Шейхантаур мемориалдық кешені орналасқан жер ислам діні келмей тұрып та киелі саналған. Ол кезде зороастризм дінінің пұтқа табынушылық қасиетті орындарына тиесілі болған. 

Шейхантаур кесенесінің ішінде биік қураған ағаш бар, ол күмбезге дейін тіреледі. Кесене қараушысының айтуынша, бұл ағаш Ескендір (Александр Макендонский - авт. түсіндірмесі) сауыры деп аталады екен. Ол Александр Македонский Орталық Азияға барған кезінде еккен 48 саурдан (арша қылқанының түрі) қалған жалғыз дана екен.


Шейхантаур кесенесіндегі 1500 жылдық тасқа айналған саур діңгегі.

1920-30-жылдары Кеңес өкіметі Шейхантаур кешенін жапты, ал "Жауынгер құдайсыздар одағы" қоғамдық ұйымы кешен аумағындағы ғимараттардың барлығын қиратты, оның ішінде тасқа айналған ағаштар да болды.


Ағаш діңінің басы.

Қараушының айтуынша, егер ағашқа жақын барсаңыз жағымды майлы жұпар иісті сезеді екенсіз. Шыныменде қураған діңгектен жұпар иісі әлі де шығып тұр. Тарихқа сенсек бұл ағаштың жасы 1500 жылдан асып кеткен. 

Шейхантаур мемориалды кешені шын мәнінде қазіргі Ташкенттің қасиетті мекені болып табылады және әлемнің әр түкпірінен туристер мен зиярат етушілер ғана емес, сондай-ақ мұнда жағымды энергия мен өмірлік рухпен қуат алуға жергілікті тұрғындар да жиі келеді. Бұл жердің тыныш әрі жайлы атмосферасы ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Ташкенттегі Төле би кесенесіне қалай баруға болады? Кесене Абдулла Қадыри көшесінде қаладағы тағы бір тарихи ескерткіш - Жүніс хан кесенесінің маңында орналасқан. Сондай-ақ, оған метромен ("Әлішер Науаи" станциясы) және таксимен (шамамен "Ташкент ислам университеті бағытында) баруға болады. 

Ержан Жәнібеков

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная