Таиландта катер апатынан қанша қазақстандық зардап шеккені белгілі болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстанның Таиландтағы консулының мәліметінше, оқиға болған кезде катерде төрт қазақстандық болған. Оның үшеуіне медициналық көмек қажет болды. Дәрігерлердің тексеруінен кейін екі отандасымызға (әйел адамдар) ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулығына және өміріне еш қауіп жоқ", - деді СІм ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, барлық медициналық шығындарды катерді иелік ететін компания өз мойнына алған.
"Біздің консул зардап шеккен азаматтарымызбен және жергілікті билікпен үнемі байланыста", - деп нақтылады Смадияров.
Айта кетейік, 17 мамырда Таиландтың Пхукет аралының жағалауында асқан жылдамдықпен жүретін катердің апатқа ұшырау салдарынан 30 шақты шетелдік турист зардап шекті. Жалпы қайықта тай елінің төрт азаматы, 21 ресейлік, тоғыз қазақстандық, Қытайдың екі азаматы және бір украиналық болған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!