Таиландта коронавирустық вакцина мен 14 күндік карантинді қамтитын турлар ұйымдастырылады. Бұл туралы елдің туристік кеңесінің президенті Чамнан Срисават айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Bangkok Post басылымына сілтеме жасап.
Саяхатшыларды вакцина қамтылған турмен тарту идеясы вакцинаның алғашқы легі таратылғаннан кейін қарастырылады. Бір айлық тур бес мың доллар (2 миллион теңгеден аса) тұрады деп болжанады. Бұған мемлекеттік немесе жергілікті мекемедегі вакцина мен екіапталық карантиннің құны кіреді. Чамнан Срисават бұл идея әлі талқылауда екенін және оны табысты жүзеге асыру үшін мұқият зерттеуді қажет ететіндігін қосты.
Туристік кеңес президентінің айтуынша, Таиландтың туристік саласы пандемия кезінде қатты зардап шекті және оны қалпына келтіру вакцинацияға байланысты болады. Сарапшы егер тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер басқармасы жеке ауруханаларға коронавирустық вакциналарды көбірек сақтауға мүмкіндік берсе, бұл бастаманы көптеген туристік агенттіктер үшін банкроттықтан құтқару деп санайды. Бұл жағдайда туроператорлар шетелдік саяхатшыларға COVID-19 препаратын ұсына алады.