Таиландта атақты туристік орындардың бірі өртеніп кетті

Өрт салдарынан Паттайядғы "Төрт аумақ" атты жүзбе базарына үлкен зиян келді - шығын көлемі 50 миллион бат (640 миллион теңгедей) деп бағаланған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Pattaya News басылымына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт бейсенбі (7 қыркүйекте) күні кешкі жетіде әжетханадан шыққан. Өрт шыққан орынға полиция, өрт сөндірушілер мен 20 дана техника келген. Үш сағатта өрт өшірілді.

Қазіргі таңда шығын 50 миллион бат деп есептелінді. Басылым мәліметінше, саудагерлердің көбі заттарын алып шығуға тырысқан, ал кейбірі өздері аман қалу үшін суға секірген.

Паттайя қаласының әкімі Порамезе Нгампичес бірден өрт болған орынға барып, оның шығу себебін нақты анықтау және зардап шекендерге жәрдем беру мақсатында командалық орталық құрды.

Паттайяның жүзбе базары аумағы 60 акр болатын туристік көрнекі орын еді, ол негізінен бамбук пен ағаштан салынған. Базарда жүздеген дүңгіршек жұмыс істеп, оған күніне мыңдаған турист келетін.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!