Тағы бір әуекомпания жолаушыларға "ханымдар мен мырзалар" деп сөйлеуден бас тартты

Еуропалық ірі әуекомпаниялардың бірі British Airways бортсеріктер мен ұшқыштарға борттағы туристерге қаратпа сөз ретінде "ханымдар мен мырзалар" демей, оны басқа сөзбен алмастыруды тапсырды. Бұл туралы The Telegraph жазды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

British Airways компаниясы бұдан былай әлеуметтік нормаларды құрметтеу үшін ұшақтарында гендерлік бейтарап терминдерді қолданатынын хабарлады.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл инклюзивтілік шарттарын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар,  "мұндай шешім әуекомпания клиенттерінің өзгеруіне байланысты болды деп саналады. Антиковид шектеулерді алып тастағаннан кейін бизнес-серіктестер емес, негізінен отбасылар жиі саяхатқа шыққан".

Бұған дейін Lufthansa, easyJet және Air Canada сияқты ірі әуекомпаниялар кең аудиторияға бағытталған жаңа бағдарламаларды енгізді. Жапониялық әуекомпаниялар өткен жылы гендерлік бейтарап терминдерді "жағымды атмосфера мен бәріне құрмет көрсету үшін" қолдана бастағанын мәлімдеді.

2018 жылы австралиялық Qantas компаниясы қызметкерлерді гендерлік терминдерді қолданудан аулақ болуға шақыру үшін "келісім рухы" бастамасын іске қосты. Сонымен қатар, АҚШ-тың Delta Air Lines әуекомпаниясы да жақын күндері рейстерінде осындай тәжірибені енгізеді.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!