Саяхатшылардың коронавирус жұқтыруым мүмкін деген қорқынышы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеген. Мұндай дерек Global Rescue дағдарыстық басқару және әрекет ету, сапар кезіндегі тәуекелдерді басқару компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы Travel Daily Media басылымына сілтеме жасап.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, саяхатшылардың 37 пайызы енді COVID-19 жұқтырудан немесе шет елде карантинге түсуден қорықпайды. Респонденттердің 78 пайызы 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылғы саяхаттың қауіпсіздігіне "әлдеқайда аз" немесе "аз алаңдаймыз" деп жауап берді.
"Саяхатшылар келесі алты айда халықаралық сапарларды 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда екі есе жиі жоспарлады. Респонденттердің төрттен үш бөлігі қазірдің өзінде ел ішінде саяхатқа шыққан немесе шілде айына дейін сапар шегуді жоспарлап отыр", - деді Global Rescue бас директоры Дэн Ричардс.
Респонденттердің 91 пайызы сапар алдында COVID-19 үшін жылдам тестілеуден өтетінін, ал 80 пайызы тестің құны қанша болса да, төлеуге дайын екенін айтты.
Вакцина сертификаттарын ішкі сапарларға пайдалану туралы пікірлер бірдей бөлінді: 46 пайызы "жақтайды" және 42 пайызы "қарсы". Алайда, мәселе шетелге саяхат болған кезде, шешім өзгерді: респонденттердің 70 пайызы сертификаттарды қолдады.
Пандемия әртүрлі себеппен саяхатшылардың сапар жоспарын өзгертуге мәжбүр етеді. Олардың кез келген аймаққа баруына кедергі келтіретін негізгі себептер ретінде респонденттердің 54 пайызы адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болатынын айтты, 22 пайызы медициналық жабдықтары жеткіліксіз жерлерге қатысты алаңдаушылық білдірді.