Сарапшылар туризмге не кедергі болатынын айтты

Әртүрлі елде вакцинаны сертификаттаудың өзіндік ережелері болғандықтан, қазір саяхатшылардың вакцина алғанын дәлелдеудің бірыңғай халықаралық жүйесі жоқ. Сарапшылардың пікірінше, бұл халықаралық сапарларды қалпына келтіруді қиындатуы мүмкін, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Тravel Daily News сайтына сілтеме жасап.

Деректерді өңдеу және талдау бойынша жетекші GlobalData компаниясының сарапшылары саяхатшылар әртүрлі елге бару талаптарын түсінбегендіктен ішкі туризмді халықаралық туризмнен артық көреді деп санайды. Бұған вакцина алғанын дәлелдеудің қиындығы кедергі болуы мүмкін.

"Вакцина (коронавирусқа қарсы - ред.) туристік сала үшін үміт отын жаққандай болды. Алайда, шашыраңқы ережелер мен елдер арасындағы өзара келісімдердің болмауы саяхатшыларды шектеуді жалғастырып келеді. Жаһандық сауалнамаға қатысқан респонденттердің 55 пайызы бұл шектеулер сапарға шығу үшін екінші үлкен тосқауыл болып тұрғанын айтқан. Кейде туристер вакциналау мәртебесін дәлелдеу үшін бірнеше кезеңнен өтуі керек. Әр елде бұл ережелер әртүрлі, олар шатастырады", - дейді GlobalData туризм сарапшысы Гас Гарднер.

Фото ©Shutterstock

Маманның пікірінше, кейбір елде, соның ішінде АҚШ-та цифрлық жазбалардың болмауы вакцинацияланған адамның мәртебесін растауды қиындатады.

"Бұл мәселенің шешімі ретінде IATA Travel Pass жол жүру билеті мақұлданды. Бірақ бұл жүйеге ену жұмысы нашар атқарылды. Үкіметтер арасындағы шектеулі іс-қимыл сияқты. Саяхатшылардан цифрлық жолдама алу үшін вакцинацияның дәлелдерін өздері жүктеуін талап ететін фрагментті жүйе құрылды. Саяхатшылар көп күш жұмсамайтын қарапайым шешімдерді қалайды. Бұл ережелерді түсіну өте қиын болуы мүмкін. Егер жақын арада шаралар қабылданбаса, бұл халықаралық сұранысты тежеуі мүмкін", - деді Гас Гарднер.

Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!