Сапарды 80 күн бұрын жоспарлайды. Вакцина туристерге қалай әсер етті

Туристер арасында вакцина салдырғандар көбейіп жатыр. Бұл жазғы демалысты ашудың жоғары ықтималдығын білдіреді және бұған жақында жүргізген сауалнама нәтижелері дәлел бола алады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Travel Daily Media басылымына сілтеме жасап.

Skyscanner әуе тасымалы туралы ақпаратты іздеу жүйесі 2021 жылы саяхат тенденциясы дамып келе жатқанын көрсетті. Есепке сәйкес, саяхатшылар билеттерді шамамен үш жарым айға алдын-ала брондайды. Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдерінде ұшақтағы орындар 80 күн бұрын, Солтүстік және Оңтүстік Америкада 70 күн, Азия-Тынық мұхиты аймағында 54 күн бұрын брондалған. 2020 жылдың қыркүйегінде саяхатшылар билеттерді 55 күннен кеш брондағысы келмегенін әлемдік статистикадан көруге болады.

2019 жылмен салыстырғанда көптеген нарықта маусым мен қазан аралығында әуе билеттерінің бағасы арзандады. Ең күрт құлдырау Еуропада байқалады - 15 пайызға, сондай-ақ билет құны Үндістанда 11 пайызға, Бразилияда 9 пайызға төмендеді.

Skyscanner мәліметінше, биыл әлемдегі сапардың орташа ұзақтығы 16 күнді құрайды. 2020 және 2019 жылдары ол екі аптамен шектелді. Әсіресе Сингапур, Жапония және Оңтүстік Кореядан келген туристердің саяхат ұзақтығы артты, ол қазір 18 күн, ал бұрын 13 күн болды.

Сауалнамаға сәйкес, тұтынушылардың 55 пайызы демалысты алдағы алты айға жоспарлайды, 39 пайызы саяхат 14 күннен асатын мерзімді таңдайды. Респонденттердің 40 пайызы шетелге сапарын брондауды шектейтін ең үлкен фактор - карантин деп жауап берген, ал тестілеу 28 пайызын тоқтатады, "тым көп шектеулер" 27 пайызын алаңдатады.

Зерттеу Skyscanner пайдаланушыларының іздеу деректеріне сәйкес жасалды. Ол 21-23 сәуір аралығында АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Германия және Оңтүстік Кореядағы 5000 тұтынушының сауалнамасына негізделген.