Пандемияға байланысты әлемдік туризмнің шығыны екі триллион долларға жетті

Коронавирус пандемиясы әлемдік туризмді екі триллион доллар кірісінен қақты. Мұндай болжам БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының баяндамасында айтылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі UNWTO сайтына сілтеме жасап.

"Омикрон" жаңа штаммына қатысты алаңдаушылық кейбір елде сапарларға жаңа шектеулер енгізуге мәжбүр етті.

"Әлемде вакциналаудың бірдей деңгейде болмауы және COVID-19 жаңа штамдары туризм индустриясына кері әсер етуі мүмкін. Бұл сала онсыз да баяу қалпына келіп жатыр", - делінген UNWTO есебінде.

Ұйым мұнай бағасының өсуі және жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуы сапарға деген сұранысқа да әсер етуі мүмкін деп қосты. UNWTO басшысы Зураб Пололикашвили елдерді өздерінің шектеулерін келісуге шақырды, өйткені туристер "шатасып, қалай саяхаттауды білмейді".

"Бұл туризм индустриясындағы тарихи дағдарыс, бірақ туризм қалпына келе алады", - деп толықтырды Пололикашвили.

Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада 2021 жылдың үшінші тоқсанында туризм көрсеткіштерінің салыстырмалы түрде өсуі байқалды. Ал Азия-Тынық мұхиты аймағына келу саны 2019 жылмен салыстырғанда 95 пайызға азайды. Азия-Тынық мұхиты аймағының бірқатар елі, соның ішінде Австралия, Жаңа Зеландия, Сингапур және Қытай "нөлдік ковид" саясатын жүргізіп, халықаралық сапарларға қатаң шектеулер қойды.

Ірі бағыттардың ішінде Хорватия, Мексика және Түркия шілде-қыркүйек аралығында туризмді барынша қалпына келтірді. Кариб теңізі ұйым анықтаған барлық субрегионның ішінде ең жоғары нәтиже көрсетті, сондықтан келушілер саны 2020 жылмен салыстырғанда 55 пайызға өсті.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!