Өзбекстан шетелдік туристердің кіру тәртібін жеңілдетті

Өзбекстан сырттан кіретін туристер үшін елге келген кезде COVID-19 үшін міндетті экспресс-тестерді алып тастайды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz басылымы Podrobno.uz сайтына сілтеме жасап.

Енді жолаушылар Өзбекстанға келгенге дейін кемінде 72 сағат бұрын жасаған ПТР-тестің теріс нәтижесін ұсыну керек. 

25 наурыздан бастап сапасы күмән тудырмайтын зертханаларда жүргізілген талдау нәтижелері ғана жарамды болады. Арнайы республикалық комиссия қазірдің өзінде салалық ведомстволарға әрбір елде осындай кемінде он медициналық мекеменің тізімін әзірлеуді тапсырды. Сол мекемелерде жасалған тест нәтижесі бар жолаушы елге кіре алады.

Өзбекстан билігі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын айтады. Елде 28 қаңтардан бастап концерт, ойын-сауық іс-шаралары қайта басталды, тамақтану кәсіпорындары мен ойын-сауық орындарының жұмысына шектеулер алынып тасталды. Тек маска тағу мен әлеуметтік қашықтық сақтау керек.