Норвегиядағы қарттардың өліміне COVID-19-ға қарсы вакцинаның қатысы жоқ

Норвегия денсаулық сақтау органдары егде жастағы 33 адам өлімі тіркелгенін, бірақ ол Pfizer және BioNTech вакцинасымен байланысты екеніне ешқандай дәлел табылмағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Daily Mail сайтына сілтеме жасап.

"COVID-19 вакцинадан гөрі әлдеқайда қауіпті екені анық. Біз адамдар одан өліп жатыр деген сөзбен келіспейміз. Бұл кездейсоқ болуы мүмкін. Вакцинадан екенін дәлелдеу қиын. Емделушілердің бәрі ауыр жағдайда түскен", - деп түсіндірді Норвегия дәрілік құралдар агенттігінің директоры Стейнар Мадсен. Сонымен қатар, науқастардың жасы 75 және одан жоғары болғанын ескертті.

Мадсеннің айтуынша, егер вакцина алған емделушілер денсаулығында қандай да бір ауытқу байқалса, ол ауыруды теориялық тұрғыдан ауырлатуы мүмкін. Алайда, Норвегияда барлық қарттар үйіндегі науқастар вакцина алған және өлім-жітім тек мыңнан бір жағдайда ғана тіркелген.

Норвегия дәрілік құралдар агенттігінің хабарламасында вакцина егу басталмастан бұрын қарттар мен науқастарға өлімге әкеп соғатын мүмкіндігі ескертілген делінген. Сонымен қатар, агенттік BioNTech және Pfizer зерттеуі бойынша тұрақсыз немесе ауыр жағдайдағы науқастарға вакцина қалай әсер ететіні айтылмағанын хабарлады. Ал сынаққа қатысқандар қатарында жасы 85-тен жоғары егде жастағы адамдар өте аз болған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!