Мексикадағы Тулум курортында абайсызда есірткі сатушылардың қақтығысына түсіп қалған америкалық турист көз жұмды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Атыс 9 ақпанда "Миа" жағажай клубында болды.
Daily Mail басылымының мәліметінше, Калифорниядан келген 44 жастағы Нико Хонарбахш иттерімен бірге серуендеп келіп, күннің батуын тамашалаған. Шетелдік турист есепшотты төлеп, енді кетіп бара жатқанда, оқ атылды.
Клуб қонақтарының сөзінше, бәрі әп-сәтте болғаны соншалық, олар тіпті әрекет етіп те үлгермеген.
Әйел алған жарақаттарынан қаза болды. Полиция қылмысқа қатысты алдын ала болжам жасап, америкалықтың қақтығысқа еш қатысы жоқ екенін және кездейсоқ өлім құшқанын анықтады.
Одан бөлек, оқиға орнында тағы бір адамның денесі табылды. Оның қасынан кокаин мен таблетка анықталды.
Айта кетейік, құқық қорғау органдары қылмыс жасағандардың жеке басын анықтады. Қазір олар іздестіріліп жатыр.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!