Қызыл теңізде алып курорт салынады

Пандемияға қарамастан, Сауд Арабиясы Қызыл теңізде сәнді арал курортын салуды жалғастырып жатыр. Алғашқы туристерді мұнда 2022 жылдың соңында қабылдамақшы.

Сауд Арабиясында Coral Bloom жобасы ресми түрде басталды. Оның құрамына Шурайра аралында 11 қонақүй, яхталар тұрағы, гольф алаңдары мен жағажайлар құрылысы кіреді. Британдық Foster + Partners бюросы құрған жоба жергілікті табиғатты барынша сақтауға бағытталған.

Қонақүйлердің дизайны мен орналасуы табиғи ландшафтқа негізделген. Foster + Partners студиясының жетекшісі жобаның тұсаукесерінде айтқанындай, қонақүйлер құрылысы "оларды жағажайларға шашыратып тастағандай әсер қалдырады және олар шатырлар сияқты орналасады".

Пандемияға байланысты демалыстың жаңа ережелері де ескерілді. Осылайша, қонақүйлерде ішкі дәліздер мен үлкен қоғамдық орындар болмайды. Басты назар жеке демалыс пен жайлы тыныштыққа аударылады.
Болашақ Сауд Арабия курорты алғашқы қонақтарын халықаралық әуежай мен алғашқы төрт қонақүй ресми түрде ашылатын 2022 жылдың соңында қарсы алуды жоспарлап отыр. Тағы 12 қонақүйді 2023 жылы ашу жоспарланған.