Куба мен Чили туристерді қабылдауға дайындалып жатыр

Куба аралындағы Хосе Марти атындағы халықаралық әуежай 15 қарашадан бастап коммерциялық, тұрақты және чартерлік рейстерді қайта жандандырмақ, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Cubadebate басылымына сілтеме жасап. 

Санитарлық бақылау туралы хаттамаға сәйкес жолаушыларды коронавирусқа әуежайдың халықаралық терминалдарында ПТР-тестілеу әдісімен тексереді.

Сондай-ақ, санитарлық хаттамалардан өту үшін қосымша шығындарды өтеу мақсатында келушілерден ақшалай тариф алынады.

Желтоқсаннан бастап Чили туристерді қабылдауға дайындалып жатыр. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Шекараларды ашудың нақты күні әлі белгісіз.

Traveloffpath порталының мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайға қарамастан барлық елдердің азаматтары Чилиге кіре алады. Туристер Чилиге келгенге дейін 72 сағат бұрын алынған ПТР тестінің теріс нәтижесін беруі керек. Міндетті 14 күндік карантиннен өту қажет емес. Мұндай анықтамасыз келгендер карантинге жіберіледі.

Сонымен қатар, Чили билігі туристерге инфекцияның таралу қаупін азайту үшін бақылау мобильді қосымшасын орнатуды ұсынады. Ұшу алдында туристерге декларацияны толтыру қажет.

"Ең бастысы - бақылау принципін ұстану және біз оны шекаралар ашылғанға дейін жүзеге асыруымыз керек: елге кіретін чилиліктер мен шетелдіктер 14 күн бойы бақылауда болады. Олар өздерінің денсаулық жағдайлары мен орналасқан жері туралы хабарлауы керек", - деді Чили Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Паула Даза.

Сантьяго халықаралық әуежайы бірінші болып Мадрид, Амстердам, Нью-Йорк, Майами, Панама, Лима, Сан-Паулу және Буэнос-Айрестен рейстер қабылдайды.