Алматылық Малика Есназарова алғашқы рет шетелге барды. Оның таңдауы Вьетнамға түскен. Алғаш рет турист болып көрген бойжеткен саяхат барысындағы эмоцияларымен бөлісіп, 10 күндік демалыста немен айналысуға болатынын айтып берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Вьетнамда не ұнады?
Малика саяхатқа шықпас бұрын әлеуметтік желідегі Вьетнам туралы видеоларды зерделеп жүрген. Соның арқасында өз картасында алдын ала кофехана, мейрамхана, сауда-ойын-сауық орталықтары, жағажай тәрізді баруға тиіс жерлерді белгілеп алған. Алматылық бойжеткен Вьетнамның Нячанг қаласында демалған. Дегенмен курорттық аймақтан үш сағаттық жерде орналасқан Далат қаласына да барып үлгерген. Маликаның сөзінше, саяхатты алдын ала жоспарлау оның уақытын айтарлықтай үнемдеп, елдегі ең қызықты жерлерді аралауға мүмкіндік берген.
Маған Вьетнамда көп нәрсе ұнады. Оның ішінде адамдары, елдің өзі, қызмет көрсету сапасы көңілімнен шықты. Мені елдегі өте төмен бағалар таңғалдырды. Мәселен, мейрамханаға барған екі адам ең көп дегенде 7-8 мың теңге төлейді. Ал такси бағасы - жақын жерлерге 600-700 теңге, алыс жерлерге 2000-2500 теңге шамасында. Фрештердің ең қымбаты 500 теңге. Әр қадам сайын жеміс-жидек сататынына қатты қуандым, - деді ол.
Сонымен қоса Малика елдің климаты оған жаққанын атап өтті. Сөзінше, ол барған кезде күншуақты күндерден гөрі бұлтты күндер көп болған. Алайда бұл оның демалысына еш кедергі келтірмеген. Керісінше, 26-27 градустық ауа температурасы далада ұзағырақ серуендеуге мүмкіндік берген.
"Желтоқсандағы климат өте жағымды, себебі ауа ылғалды болады. Вьетнамда жүріп, ұйқышылдықтан арылдым, бұрынғыдай ісінбейтін болдым. Бұдан бөлек маған адамдары ұнады. Олар өте ашық, көмектесуге, жол көрсетіп жіберуге әзір тұрады. Көбісі орысша сөйлегендіктен, әсіресе базарларда сауда жасауда еш қиындық туындамады", - деді Малика.
Қай жерде сауда жасауға болады?
Малика Вьетнамға ұшып келгеннен кейін ең әуелі 3-4 сағат демалып алу керек дейді.
"9 сағат бойы ұшақтан түспегеннен кейін қатты шаршайсың. Сол себепті келе салып, қала аралауға шықпай, ұйықтап, бассейнге түсіп, жақсылап тамақтанып алған дұрыс. Кейін қаланы араласаңыз болады", - деп кеңес берді ол.
Бойжеткен Вьетнамға келген күні кешке Lotte Mart сауда орталығына барып, қажетті заттарын алғанын айтады. Айтуынша, бұл жерге сыйлық, кәдесый алу үшін, сондай-ақ тиімді бағада тәттілер алу үшін баруға болады. Ал чемодан, аяқ киім, жаңғақ, шай тәрізді тауарларды кешкі базардан алған дұрыс екен.
"Кешкі базар - турист үшін таптырмас жер. Кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Тиімді бағада көптеген зат сатып ала аласыз. Мысалы бір қорап шай - 600 теңге, бір қорап жаңғақ - 1500 теңге, кепкен манго - 1000 теңге. Барлығы әдемілеп қапталған, әрі табиғи. Сонымен қатар бұл жерде чемодандар сатылады. Өзім 5700 теңгеге кішігірім чемодан сатып алдым. Қазақстанда дәл осындай чемодан 20 мың теңге тұрады", - деді ол.
Вьетнамда қандай жерлерге баруға болады?
Малика Винперл аралына баруға кеңес берді. Ол жерлерге тур сатылады, бірақ өз бетімен жетуге болады екен. Бойжеткен аралға дейін өзі барғанын, жолына 36 мың теңге кеткенін айтады.
"Осы арал маған өте ұнады. Мұнда үлкен топ болып барған қызығырақ. Ересектер кейбір аттракционға міне алады. Америкалық сырғанақтар да бар. Бірақ олар өте қорқынышты. Сонымен қоса су аттракциондарына баруға кеңес беремін. Бұдан бөлек саябақта аквапарк, океанариум, зообақ бар", - деді Малика.
Ол Вьетнамда әр турист баруы тиіс тамақтану орындары туралы айтты. Қазақстандық саяхатшы олардың кішігірім тізімін жасақтап берді:
- Nom Nom - Маликаның сөзінше, бұл орынды Google-картадан оңай табуға болады.
- Mix Greek - бұл жерде сеттерге тапсырыс берген кезде бір порция екі адамға, тіпті кей жағдайда үш адамға дейін жететін ескеру керек дейді.
- Жапониялық Kiwami мейрамханасы - бұл суши мен теңіз өнімдерін ұнататындар үшін таптырмас орын.
- LAM coffee - бұл жапониялық кофе мен дәмді круассандар мекені.
Негізінен барлық тамақтану орындарында бәрі дәмді болды. Біз жол-жөнекей кіре бердік. Мен ұсынған тізімдегі орындар рейтингімде көш бастап тұр. Орташа шот бір адамға 5 мың теңгені құрайды. Алайда өзіңді қымбат мейрамханада тамақтанғандай сезінесің, - деді ол.
Вьетнамдағы демалысқа қанша ақша жұмсалды?
Маликаның сөзінше, ол 5 жұлдызды қонақүйге 426 мың теңгенің турын сатып алған. Осы сомаға күнделікті таңғы асы, трансфері, тегін экскурсия кірген.
Бұл сомадан бөлек ақша ала бару керек. Мәселен қыдырғыңыз келсе, кішігірім сауда-саттық жасағыңыз келсе, жақсы мейрамханаларда тамақтанғыңыз келсе, массажға баруды қаласаңыз, қосымша 200 мың теңгедей қажет. Мен жоспарлаған бюджет өзіме жетті, - деп түйіндеді ол.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!