Жылда жүк кемелері 1500-2000 контейнерінен айырылады. Олардың кейбіреуінде токсинді заттар болады. Салдарын су астына кеткен контейнерлер теңіз экосжүйесіне зиянын тигізеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі tourweek.ru сайтына сілтеме жасап.
Әлем бойынша теңіз арқылы 60% жүк тасымалданады. Шикізат пен тауарлардың едәуір бөлігі контейнерлер арқылы жеткізіледі. Мұндай заттарды тасымалдау үшін 20-40 футтық блоктар қолданылады. Сырты металмен қапталған контейнерлерді сақтау да, тасымалдау да ыңғайлы. Сіз осы материалды оқып отырған кезіңізде теңіздерде 20 миллионға жуық контейнер тасымалданып жатады.
Өкінішке қарай, оларды жеткізу барысында форс-мажорлық жағдайлар да болады. Көбінесе контейнер палубадан теңізге құлап, батып кетіп жатады. Теңіз толқыны, контейнерлердің дұрыс бекітілмеуі және қызметкерлердің жұмысына немқұрайлы қарауының кесірінен күн сайын олардың 20-30-ға жуығы кемеден түсіп кетеді екен.
Кей кезде ауқымды апаттар да болады. Мысалы 2013 жылдың жазында Арабия теңізінде Mitsubishi компаниясына тиесілі алып MOL Comfort кемесі апатқа ұшырады. Белгісіз себептермен ол екіге бөлініп кетеді. Сөйтіп трюмдерден 4300-ге жуық контейнер су астына кеткен. Жүк иелері жарты миллиард доллар шығынға ұшырады. Бұл ретте экологияға келтірілген залалды есептеу мүмкін болмаған.
Контейнерлерде тек тоқыма немесе ыдыс-аяқ тасымалданбайды. Теңіз арқылы миллиондаған тонна пластмасса, тыңайтқыштар және басқа да агрессивті химия жөнелтіледі. Контейнердің металл қабырғаларының қалыңдығы небәрі 1,5-2 мм, ал қалғаны фанера немесе пластиктен тұрады. Ал темір корпустың теңіз суында ыдырауы үшін он жыл қажет. Әрі қарай контейнердің ішіндегі заттек теңізге түсіп, су ағыны арқылы басқа жерлерге жайылады.
1992 жылы Тынық мұхитына қырық футтық контейнер құлап кетіп, салдарынан миллиондаған резеңке үйрек суға түседі. 10 айдан кейін резеңке ойыншықтардың басым бөлігі Аляска жағалауларына жетеді, соның арқасында океанологтар теңіз ағындары туралы құнды мәліметтерді біле алды. Өкінішке қарай, көптеген контейнерде әлдеқайда улы заттар да болады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!