Жұмыс уақытында "сырқаттандым" деп курортта демалған ер адам 15 жылға сотталуы мүмкін

Түркия прокуратурасы денсаулығына байланысты жалған еңбекке жарамсыздық парағын өткізгені үшін 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Негізінде ер адам 4 күн бойы ауруханада емес Мерсин курортының танымал жағажайында жатқан, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Hurriyet Daily News басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, былтыр шілдеде Саид У. есімді ер адам басшысы Мехмет Эвримге ауырып жатқанын және жұмысқа бара алмайтынын айтып, төр күндік еңбекке жарамсыздық парағының медициналық қорытындысын жіберген. Басшысы ауруханаға не үйіне барып көңіл сұрайын дегенде ер адам келмеуін өтінген. Осы кезде менеджер мұнда бір шикілік барын сезіп, өз тергеуін бастаған.

Реклама
Реклама

Мекеме басшысы өз қызметкерінің ешуақытта Конья провинциясындағы Чумра мемлекеттік ауруханасында болмағанын білген. Ал қызметкері дәл осы аурухананың медициналық қорытындысын жіберген.

Сосын құжатта көрсетілген уақытта "сырқаттанған" қызметкері әлеуметтік желіде Мерсин провинциясының оңтүстік бөлігіндегі жағажайда түскен суретін жариялаған.

Мехмет Эврим дереу Саидты жалған құжат рәсімдегені үшін жұмыстан шығарып жіберген.


Фото:Hurriyet Daily News

"Бірінші тыңдауда Саид У. ауруханада медбике болып жұмыс істеген дос қызына қоңырау шалып, оған COVID-19 белгілерін байқағанын айтқан. Содан кейін айыпталушы медицина қызметкерінен ауруханаға келмей-ақ жұмысқа жарамсыздығы туралы қорытынды дайындауды өтінген. Медбике досының өтінішін орындап, оның жағдайын дәрігерге түсіндіріп, құжат рәсімдеп, оны смартфон арқылы хабарлама жіберді. Тергеушілер ауруханадағы бейнебақылау камералары жазбаларын зерттеген және сол күні алаяқтыққа барған ер адамның болмағанын анықтаған", - деп жазады басылым.

Сонымен қатар, Түркияның телекоммуникациялық қадағалау қызметі (BTK) Саид У. медициналық құжатта көрсетілген кезеңде Мерсин аумағынан қоңырау шалғанын анықтаған.

"Енді Саид У. "алаяқтық" және "жалған ресми құжат жасауға қатысу" айыптары бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Науқасты тексермей еңбекке жарамсыздық парағын ресімдеген дәрігер мен медбике "қызметтік жағдайды теріс пайдаланды" және "қызметтік құжаттарды қолдан жасады" деген айыппен 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деп толықтырады түркиялық БАҚ.

Еске салайық, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзгені үшін екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!