Жұлдызды аспан әрқашан да құпияға толы. Адамзат баласы көктен ғаламның құпиясын іздеуге тырысты, "Біз осынау әлемде жалғызбыз ба?" деген сұраққа жауап іздеді. Ғарышты көрудің ең оңай жолы - обсерваторияға бару: сіз ең жақсы телескоптарды пайдаланып қана қоймай, жаңа ақпараттар алып және ғалымдармен сөйлесіп ой-өрісіңізді кеңейте аласыз. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге жұлдыздарды бақылауға арналған ең жақсы орындар туралы баяндайды.
Астрономиялық обсерватория - аспан денелерін бақылауға арналған орын. Обсерватория биік жерге тұрғызылады, одан барлық бағытта үлкен көрініс ашылу қажет. Бірінші кезекте обсерваториялар ғалымдар үшін салынады. Алайда, олардың кейбіреулері қалың көпшілікке де ашық болады.
Рейтинг Conde Nast Traveler, Outlookindia, Wow Travel, Sky at Night Magazine және The Travel Tester порталдарының мәліметтері негізінде дайындалған. Коронавирусқа қатысты карантиндік шараларға байланысты кейбір обсерваториялар жабық болуы мүмкін екенін ескерген жөн.
Паранал обсерваториясы, Чили
Чилиде онға жуық сапалы және заманауи обсерваториялар бар, бұл елді астротуризм үшін тартымды орынға айналдырған. Паранал обсерваториясы ең танымал болып саналады. Ол елдің дәл жүрегінде, Атакама шөлінде, теңіз деңгейінен 2635 метр биіктікте орналасқан.
Обсерватория демалыс күндері мұнда алып VLT телескопын көрушілер үшін ашық. Ол төрт шағын телескоптан тұрады, атап айтқанда: Куэйен, Анту, Мелипал және Епун, бұл жергілікті мапуче тілінде Ай, Күн, Оңтүстік Крест және Венера дегенді білдіреді. Бұл телескоп астрономдарға бөлшектерді жеке телескоптарға қарағанда 25 есе дәл көруге мүмкіндік береді. Тегін экскурсиялар сенбіде сағат 10:00-де және 14:00-де ұсынылады. Алдын ала брондау қажет.
Оңтүстік полюс телескопы, Антарктида
Оңтүстікполюстік телескопы немесе антарктидалық SPT телескопсыз да жақсы көрінетін жерде орналасқан, өйткені ірі қалаларда болатын жарықпен мәселе болмайды.
Диаметрі 10 метрлік телескоп астрономиялық бақылаулар үшін 2007 жылдың басында қолданыла бастады. Ол Антарктиданың Амундсен-Скотт станциясында орналасқан. Астрономдар бұл жерді жұлдызға қарауға өте ыңғайлы деп атайды, өйткені турбуленттілік төмен. Астрономияда атмосфералық турбуленттілік телескоптың кескін сапасын айтарлықтай төмендетуі мүмкін.
Бұл жерге туристер көп келе бермейді, бірақ обсерваторияға барғысы келетіндер алдын ала жазылу қажет.
Тейде обсерваториясы, Канар аралдары
Тейде ұлттық саябағы - Испаниядағы Канар аралдарындағы ең үлкен саябақ. Онда 1964 жылы жұмысын бастаған Тейде обсерваториясы орналасқан. Мұнда Күн сәулесін бақылауға, сондай-ақ роботты астрономияға назар аударылады. Келушілер Еуропаның түрлі елдеріне тиесілі күн мен түнгі телескоптардың түр-түрін көреді. Экскурсиялар шағын компанияларға арналған, бір уақытта топта 15 адамға дейін болады.
Түнгі тұнық аспанды сақтауға қызмет ететін Starlight Foundation қоры 2013 жылы Тейде ұлттық саябағын түнгі тұнық аспаны бойынша "жұлдыз сәулесінің қорығы" және "жұлдызды туристік бағыт" деп атады. Аралда келушілер мен астрономдар үшін жұлдызды аспанмен қамтамасыз ету үшін жарықтың ластануы мен ұшу жолдарын реттейтін заңдар бар.
Ұлттық саябақта кратерлердің, вулкандардың және лава тасты өзендердің ландшафты Айға түскендей әсер қалдырады. Демек, Канар аралдары Чили мен Гавайимен қатар Жерден аспанды тамашалайтын ең жақсы орындардың бірі екені таңқаларлық емес.
Мауна-Кеа обсерваториясы, АҚШ
Мауна Кеа ұйқыдағы жанартауы Гавайиде орналасқан. Келушілерге ыңғайлы болу үшін Хейл-Похаку үстіртінде 9200 фут (2800 метр) биіктікте сіз жоғары көтерілуге бейімделе алатын, тамақтана алатын, жылы киімдер мен кәдесыйлар сатып алатын орталық бар. Сондай-ақ, олар жанартаудың тарихы туралы қысқаша бейнефильм көрсетеді, қызметкерлер қуатты телескоптарды орнатады, сол арқылы сіз жұлдыздарды бірнеше сағат бойы бақылай аласыз.
Сонымен қатар, телескоп арқылы көрінетін аспан объектілері туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін жұлдызды экскурсия бар. Вулканның көп бөлігі су астында, теңіз түбінен бетіне дейін өлшегенде оның биіктігі 10 058 метрге жетеді, бұл оны Эвересттен бір шақырымға биік етеді. Оның Тынық мұхит деңгейінен ең биік нүктесі - 4 206 метр.
Жантар Мантар, Джайпур, Үндістан
Жантар Мантар - 19 сәулеттік астрономиялық аспаптар жиынтығы. Бұл құрылысты 1734 жылы король II Джая Сингх салған. Король астрологиямен айналысқан және Солтүстік Үндістанда бес түрлі обсерватория салдырған. Жантар Мантар - олардың ең үлкені. Бұл жерде нақты астрономиялық бақылаулар мүмкін болмағандықтан, обсерватория тек жеті жыл ғана жұмыс істеген.
Дегенмен, обсерваторияда аспаптарды көріп, сынауға болады. Телескоптардың бірі "Врихат Самрат Янтра" деп аталады және бұл әлемдегі ең үлкен күн сағаты. "Үндістік чхатри" - бұл тұтылуды және жаңбыр туралы хабарлау алаңы ретінде пайдаланылатын шағын күмбез. "Янтра Радж" - 2,43 метрлік қола астролябия, әлемдегі ең үлкендердің бірі, индуизм күнтізбесін есептеу үшін жылына бір рет қана қолданылады.
Гингин обсерваториясы, Батыс Аустралия
Гингин обсерваториясы Йилда, Янчеп ұлттық саябағы мен Үнді мұхитынан 12 шақырым жерде орналасқан Гингин қаласының арасында орналасқан. Батыс Аустралияның түнгі аспаны - аспан денелерін тамашалауға тамаша орын. Туристер аборигендік астрономия туралы жергілікті нунгар тайпасынан біле алады, сондай-ақ Гравитациялық жаңалықтар орталығында гравитация мен космологияны оқи алады. 2008 жылы мұнда "әлемдегі ең құлағалы тұрған ғимарат" салынған.
Келушілерді Галилео Галилейдің Пиза мұнарасынан түрлі заттарды лақтырған кездегі тәжірибесін қайталауға шақырады. Гингин мұнарасы 15 градусқа бейімділікпен салынған, ал Пиза мұнарасы небары 5,5 градус.
Йеркс обсерваториясы, АҚШ
АҚШ-тың Висконсин штатындағы Йеркс обсерваториясы әлемдегі ең танымал обсерваториялардың бірі болып саналады. 1897 жылы құрылған обсерватория жоғары технологияға ие емес, бірақ қазіргі астрофизиканың отаны саналады. Ол Уильямс шығанағында 320 метр биіктікте орналасқан. Мұнда белгілі математик және физик Альберт Эйнштейн зерттеу жүргізген.
Обсерваторияның 123 жылдығына орай ғимаратта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, келетіндер үшін жаңа, қызықты экскурсиялар жасау жоспарланып отыр, мұнда адамзаттың ұлы ойшылдары зерттеу жүргізген.
Обсерватория астрономияға әуесқойларды ғана емес, археологтарды да тартпай қоймайды. Өйткені, кампуста байырғы американдықтардың қазынасы болуы мүмкін.
Сидней обсерваториясы, Аустралия
Сидней обсерваториясы Аустралияның ірі қаласының орталығында орналасқан. Ол 1858 жылы ашылды. Обсерватория Сидней портына қарайтын жасыл төбешікте орналасқан. Құмды тастан тұрғызылған ғимаратта Аустралиядағы жұмыс істейтін ең көне телескоп орналасқан. Ол 1874 жылы Шолпан жұлдызының Күн арқылы өтетін жолын бақылау үшін салынған. Саяхатшылар телескопты түнгі экскурсияда сынап көре алады.
Гринвич обсерваториясы, Англия
1676 жылы Лондондағы Гринвич қаласында салынған Корольдік обсерватория - әлемдегі ең беделді астрономиялық орындардың бірі. Меридиандардың ішкі ауласында сіз әлемді екіге бөлетін негізгі меридианды білдіретін әйгілі жезден жасалған таспаны көре аласыз.
Мұнда корольдік астроном үйіне баруға, күнді бақылауға және ғылыми көрсетілімдерге қатысуға болады. Бұл - күн жүйесін және ғарыштағы басқа таңғажайып нысандарды зерттеудің тамаша тәсілі. Сонымен қатар, бірқатар тегін қатысуға болатын іс-шаралар бар.
Обсерватория астрономия тарихында маңызды рөл атқарды. Бүгінде ол мұражай қызметін атқарады. Бұл оны Лондондағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналдырды. Обсерватория Темзаға көрініс ашылатын кішкентай төбешікте орналасқан.
Тянь-Шань обсерваториясы, Қазақстан
Тянь-Шань обсерваториясы Алматы қаласынан 30 шақырым жерде, Үлкен Алматы көліне жақын орналасқан. Ол 1956 жылы құрылды, ал 1996 жылдан бастап Фесенков астрофизикалық институтына тиесілі.
Обсерваторияға барар жолда Іле Алатауының керемет сұлулығын тамашалай аласыз: барқыт белдер, тасты шыңдар мен мөлдір бұлақтар.
Обсерватория Қазақстанның үстінен ұшып өтетін белгісіз серіктерді зерттейді, Құс жолы жұлдыздарын бақылап, сондай-ақ, экзоғаламшарлар мен ақ ергежейлілерді зерттейтін жобаларды жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта бұл обсерваторияға бару туралы нақты ақпарат жоқ, бірақ бұрынырақ осы жерде экскурсиялар өткізілген.
Ал сіз қай обсерваторияға барар едіңіз?
Біз коронавирус пандемиясы жақын арада аяқталып, саяхатқа жол ашылады деген үміттеміз.
Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.
Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.