Жолаушылардың көзінше төбелескен ұшқыш пен бортсерік жазаланды

Жолаушылардың көзінше төбелескен ұшқыш пен стюардесса жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Fox News жазады, - деп хабарлайды lenta.ru

Қытайлық Donghai Airlines компаниясының басшылығы экипаж мүшелерін 20 ақпанда болған оқиғадан кейін жұмыстан шығарды. Сонымен қатар, компаниядағылар әуе кемесінің командирінен лицензия қайтарып алынғанын мәлімдеді.

Олар рейс кезінде жолаушылардың көзінше салонда жанжалдасып, төбелескен. Жолаушылардың айтуынша, даудың басы VIP әжетханадан шыққан. Ұшқыш бортсерікке өз қызметін дұрыс атқармайтыны туралы сын айтқан. Бортсерік жауап қайтарған, осы кезде ұшқыш бортсерікке (екеуі де ер адам) тап берген. Экипаж мүшелерінің төбелесі салдарынан бортсеріктің қолы, ал ұшқыштың тісі сынған. 

Қытай Көлік министрлігі авиациялық қауіпсіздік басқармасы директорының орынбасары Ву Шицзе (Wu Shijie) ұйымға да санкция жарияланғанын айтты. Donghai Airlines компаниясына рейстерде маршруттарын, ұшу саны мен өткізу қабілетін кеңейтуге тыйым салынды. Мұндай шектеулер қашанға дейін созылатыны белгісіз.