Түркияның Miray Cruises круиздік компаниясы үш жылдық саяхатқа жолдаманы 2023 жылдың 1 наурызынан бастап сатылымға шығарды. Бағдарлама бойынша туристтер әлемнің жеті құрлығындағы 135 елдің 375 теңіз портына тоқтайды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
1992 жылы салынған MV Gemini лайнері 2023 жылдың қарашасынан 2026 жылдың соңына дейін мегатур өткізеді. Әрине үш жыл теңізде өткізу бәріне ұнай бермейді, алайда бұл онлайн жұмыс істеп, саяхаттағысы келетіндер мен үйде отырғысы келмейтін зейнеткерлер үшін тамаша мүмкіндік.
Кемедегі өмір концепциясы онлайн жұмыстың пайда болуымен сұранысқа ие бола бастағанын айта кетейік.
MV Gemini порттардың әр қайсына бірнеше күн аялдама жасайды. Сондықтан туристтер порт орналасқан қалада бірнеше күн қыдырып, жалпы әлемнің қазіргі таңдағы және ертедегі 13 кереметімен таныс болады.
Каютаның құны айына 2 500 мың доллар (шамамен 1 138 000 теңге). Ал жылдық құны 29 999 доллар (13 650 000 теңгедей). Каюталардың кеңдігі 12 шаршы метрден 24,15 шаршы метрге дейін барады. Осы соммаға тамақтану, мейрамханаға бару, ойын-сауық шараларына бару, жұмыс істеу үшін 14 кеңсе мен конференц-залға кіру, лаундж-аймақ пен бизнес-кітапханаға бару құны кіреді. Бортта тәулік бойы жұмыс істейтін аурухана бар. Ал кемеге жалпы 1 074 жолаушы сыяды екен.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!