Жапония шетелдіктерге виза беруді тоқтатты

Жапония премьер-министрі Ёсихидэ Суга коронавирустың жаңа түрінен қорғану шарасы ретінде барлық шетелдіктерге виза беруді тоқтататынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz порталы Japan Times басылымына сілтеме жасап.

Енді басқа мемлекеттердің азаматтарына жаңа виза берілмейді. Виза беруге, сондай-ақ елге кіруге уақытша тыйым салу 28 желтоқсаннан бастап күшіне еніп, 2021 жылдың қаңтардың соңына дейін жалғасады.
28 желтоқсанға дейін виза алған резидент емес шетелдік азаматтар Күншығыс еліне кіре алады. Елден тыс жерлерде қысқа мерзімді іссапарға шығуға рұқсаты бар жапондықтар мен шетелдіктер қайтадан екі апталық карантинді сақтауға міндетті болады. Сонымен қатар, олар коронавирустық тесттің теріс нәтижесі бар анықтама көрсетуі қажет.

Сонымен бірге, министр "алдын-алу шаралары өзгеріссіз қалады" деп баса айтып, жапондықтарды "қол жуу және бетперделер кию сияқты ережелерді бұлжытпай орындауға" шақырды.

Осы жылдың қазан айының басында басқа мемлекеттердің азаматтары үшін Жапонияға кіруге шектеулер жеңілдетілгенін еске саламыз.