Жанартаудың атқылауын тамашалауға барған студенттер опат болды

Екі студент тыйым салынған аймаққа жанартаудың атқылауын тамашалауға барып, қайтыс болды. Бұл туралы Franceinfo жазады, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы Lenta.ru басылымына сілтеме жасап.

20 сәуірде франциялық 19 жастағы екі студент Үнді мұхитындағы Реюньон аралында орналасқан Питон-де-ла-Фурнез жанартауының етегіне барады. 9 сәуірден бастап бұл жерде жанартау атқылау басталды. Сондықтан билік бұл аймаққа баруға тыйым салған болатын. Бірақ студенттер ертесі туыстарымен байланысқа шықпаған.

Құқыққорғау органдарының мәліметінше, олардың жоғалғаны туралы отбасы хабарлаған. Олар 21 сәуірде келісілген жерде жастарды қарсы алуы керек еді, бірақ студенттер белгіленген уақытта сапардан оралмаған. Жандармерия командирі саяхатшылар ұйықтайтын сөмкелерді, портативті пешті және азық-түлік қорларын өздерімен бірге алғанын атап өтті.

Сол күні, 21 сәуірде студенттерді іздеу басталды. Алайда, қалың түтін мен тұманның салдарынан құтқару операциясы бірнеше рет үзілді. 22 сәуірде екі студенттің денесі жанартаудың атқылау конусының жанынан табылды.

Жастар найзағайдан немесе улы газдан уланып қайтыс болуы мүмкін деп болжанады. Қазір студенттердің денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді, оның нәтижесі бір айдан кейін белгілі болады.

Басылымның мәліметінше, жастар жергілікті университеттің ғылым және технологиялар факультетінің студенттері болған.