Испанияда пойызда тегін жүру схемасы енгізіліп жатыр

Қыркүйектен бастап жыл соңына дейін Испания тұрғындары мен қонақтары пойыздарда тегін жол жүруді пайдалана алады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Urbantransportnews.com сайтына сілтеме жасап.

Испания үкіметі елдегі теміржол көлігін дамтыту үшін пойыздарда тегін жүру схемасын жариялады. Схеманы Испания премьер-министрі Педро Санчес мақұлдады және 1 қыркүйекте күшіне енді. Бағдарламаны 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалануға болады.

Тегін жол жүру бағдарламасы Renfe ұлттық теміржол желісінің қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Жолаушыға межелі пунктін көрсету және қала маңындағы желілер үшін 10 еуро (4 693 теңге) және орташа қашықтыққа (300 километрден кем) сапарлар үшін 20 еуро (9 385 теңге) құрайтын депозит енгізу қажет. Алынған QR код билет ретінде қызмет етеді. Билетті теміржол станцияларынан да сатып алуға болады.

Жолаушы депозитті жыл соңында қайтара алады. Ол үшін бір ғана шартты орындау қажет - көрсетілген межелі жерге кемінде 16 сапар жасау.

Қызметті тек Испания тұрғындары ғана емес, туристер де пайдалана алады. Ол үшін олар төлқұжатының нөмірі бойынша тіркеуден өтуі керек.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!