Испания билігі шекараны қандай шартпен ашатынын айтты

Испанияның туризм министрі Рейес Марото маусымға қарай вакцинация төлқұжаты институты ("жасыл сертификаттар" немесе ковид төлқұжаты деп аталады) жұмыс істейтінін мәлімдеді. Содан кейін шетелдік туристердің елге кіруіне мүмкіндік болады, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы Тourprom.ru басылымына сілтеме жасап.

Жоспарды жүзеге асырмас бұрын, испаниялықтардың кем дегенде 70 пайызы вакцина салдыруы керек. Бұл көрсеткішті 30-40 пайызға дейін төмендетуі де мүмкін, алайда дәрігерлер бұған қарсылық білдіріп жатыр. Екпе егу қарқыны AstraZeneca вакцинасын жеткізуге тікелей байланысты. Сондықтан төлқұжаттар пайда болатын нақты күнді атау әлі қиын.

Балеар аралдарының билігі пилоттық схеманы өз аймағында бірінші болып сынап көруді ұсынды, бірақ туризм министрі Рейес Марото олардың ұсынысымен келіспеді. Ол вакцинация төлқұжатының бүкіл ел бойынша бірден енгізілгенін қалайды.