Грекияда қазақстандық алманың ескерткіші салынды

Афинаның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Ахарне қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылуының 30 жылдық мерейтойы құрметіне ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі елшілік сайтына сілтеме жасап.

Қоладан құйылған ерекше мүсінді ескерткіш ежелгі дәуірден Грекияда бейбітшілік пен гүлденудің белгісі болып саналатын зәйтүн бұтағымен жиектелген шығу жері Қазақстанды бейнелейтін алма пішінінде жасалған.

Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігінің бастамасына Ахарне қаласының мэрі Спиридон Вреттос қолдау көрсетті. Жергілікті қалалық кеңес депутаттарының бірауыздан қабылданған шешімімен ескерткішке орталық алаңда қалалық әкімдік ғимаратына тура қарама-қарсы жерде орын бөлінді.

Грекия астанасының орталығынан 11 шақырым жерде орналасқан және Афина астаналық аймағына кіретін Ахарне қаласында тарихи отанына оралған 30 мыңнан астам қазақстандық гректер өмір сүреді.

Өзінің сөзінде Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев ескерткіш "халық дипломатиясының" үлгісі және Қазақстан мен Грекия арасындағы үздіксіз мәдени байланыстың жарқын мысалы екенін атап өтті.

Жоба Қазақстанның тумалары, қазір Грекия азаматтары, әкесі мен баласы Иоаннис пен Константин Петридистер негізін салған "DKG Development" компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылды.

Ахарне муниципалитетінің тарихи көрікті жерлерінің арасына грек патшаларының Tatoi жазғы сарайы және "Agia Paraskevi" әйелдер ғибадатханасы кіреді.

Анықтама: ДНҚ зерттеулеріне сәйкес Қазақстан аумағында өсетін Сиверс алма ағашы қазіргі заманғы алма сұрыптарының анасы болып есептеледі.